28 сәуір күні Ізтай Мәмбетов атындағы Алға аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жуырда аталып өтілетін 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жүректегі жалғыздық» шығармасының авторы, ардагер-ұстаз Жұмабай Асарбаевпен «Отбасы. Мейірім.Тағдыр» тақырыбында кездесу кешіөтті.
Шараның басы Алға мектеп гимназиясының жас мамандары мен оқушыларының шығармадан алынған үзіндіні саханалаған көрініс арқылы қоюдан басталды. Олар осы кітаптың жалпы мазмұнын көрермендердің жүрегіне жеткізе білді. Аталмыш мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әрі осы көріністің сценарисі Сұлушаш Шудабаеваның басшылығымен қойылған дүние өте керемет әсер қалдыра білді. Тіпті шығарманың авторы да көзіне жас алып, шығармашылық топқа алғысын білдірді.
Өмірде шын болған оқиға желісімен жазылған бұл кітап кез келген оқыған оқырманды өзінің мазмұнымен елең еткізбей қоймайды. Туындының басты кейіпкері Күмісайдың басынан өткерген сан қилы тағдыры, өмірлік жары Сәбиттен жастай айырылуы, мәпелеп өсірген балалары қартайған шағында оны Қарттар үйіне тапсыруы т.б. оқиға желілері оқып отырған оқырманды өзіне баурап, бір жағынан ой салады.
Шарада Тамды ауылының тұрғыны, Нұрекеш Мәшембаев, «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» ҚБ мүшесі Күләш Ахметова, Алға аудандық музейінің қызметкері Қаламқас Ұзақбаева, Тамды ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нұрсұлу Нұрболатова, І.Мәмбетов балалар кітапханасының меңгерушісі Ақшолпан Ізтілеуова шығармадан алған әсерлерімен бөлісіп, авторға ризашылықтарын білдірді.
Қазіргі қоғамда өкінішке орай көп кездесетін өзекті мәселені қозғап, халыққа, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбиелік мәні зор кітаптар жазып жүрген қаламы қарымды жазушыға толағай табыс пен амандық тілейміз.
Марал САНДЫБАЙ