«Әділет» партиясының мүшелері елдің энергетикалық әлеуетін арттыру мәселесін талқылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі кезеңді «электр дәуірі» деп атады. Мемлекет басшысы «Қазақстан өзінің шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық тұрғыдан өрлеу үшін пайдалануға тиіс екендігін, бұл – айрықша маңызды міндет» екенін атап өтті. «Әділет» партиясының мүшелері Айгүл Дүйсенова мен Алмас Жолдасов Ақтөбе қаласындағы «Динар-Электромаш» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуде Жолдауда айтылған осы және басқа да мақсат-міндеттерге тоқталды.

Айгүл Дүйсенова Жолдауда энергетика саласын дамыту мәселесіне басымдық берілгенін атап өтті. Президент электр энергиясының жеткілікті болуы әр мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық дербестігін айқындайтын шешуші факторға айналғанын айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстан қуат көзін артығымен өндіретін деңгейге жетуі керектігін тапсырды. Бұл үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғырту, таза көмір генерациясын дамыту және жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті.

— Энергетика – экономиканың барлық саласының тұрақты жұмыс істеуіне негіз болатын сала. Электр қуаты тапшылығы өндіріс орындарының дамуына, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және инвестициялық жобалардың жүзеге асуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, электр желілерінің өткізу мүмкіндігін арттыру және жаңа қуат көздерін іске қосу мәселелері өзекті. Президенттің Жолдауда осы бағыттарға басымдық беруі еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық дамуы үшін маңызды, – деді Айгүл Дүйсенова.

Алмас Жолдасов Мемлекет басшысы айқындаған инфрақұрылым және экономикалық даму, инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнеске қолайлы жағдай жасау, өнеркәсіпті әртараптандыру, әлеуметтік саясат, ауыл шаруашылығын дамуты бағыттары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ол Жолдауда атом энергетикасын дамытуға, жаңа атом электр станцияларын салуға және осы салаға қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берілгенін айтты. Бұл ретте жоғары технологиялық өндірістерді дамыту, шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасу және отандық мамандардың біліктілігін арттырудың маңызы сөз болды.

Айта кетейік, «Динар-Электромаш» ЖШС электротехникалық жабдықтар мен кабель-сым өнімдерін жеткізуге маманданған. Кәсіпорын басшысы Сергей Вишняк Жолдауда айтылған энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, электр желілерін жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу міндеттерінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар энергетика саласының тұрақты дамуына және кәсіпорындар үшін қажетті инфрақұрылымның қалыптасуына мүмкіндік береді.

                                                                                                             М.ТАБЫН.