ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ЖОЛЫНДАҒЫ АШЫҚ ДИАЛОГ

 Қазақстанда алғаш рет өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында «Әділет» партиясының Алға аудандық сайлауалды штабы халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламасын кеңінен таныстыру жұмыстарын жүргізуде. Үгіт-насихат науқанының басты мақсаты – азаматтармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдау және партияның негізгі басымдықтарын түсіндіру.

  Сайлауалды штаб өз жұмысын Алға қаласындағы «Энергосистема» ұжымымен кездесуден бастап, кейін ауданның әртүрлі мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлерімен жүздесті. Атап айтқанда, «Алға-Жылу»КМК, «Алға газ учаскесі»АҚ, Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Мансап» орталығы, аудандық ветеринариялық стансасы, «Қазпошта», «Халық банк», аудандық оңалту орталығы, «Шипагер» шипажайы, музыкалық мектеп, аудандық орталық кітапхана, І.Мәмбетов атындағы балалар кітапханасы, «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубы, «Дина» супермаркеті және өзге де еңбек ұжымдарында кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесулер барысында штаб мүшелері партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Онда әлеуметтік әділеттілікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету бағытындағы бастамалар жан-жақты түсіндірілді.

Үгіт-насихат жұмыстары ауылдық елді мекендерде де жалғасын тапты. Штаб мүшелері Есет батыр, Тоқмансай, Маржанбұлақ, Қарағаш, Қарабұлақ ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға бағытталған бағдарламалық міндеттерді кеңінен түсіндірді.

Кездесулерде ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, сапалы ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамтамасыз ету, жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділігін кеңейту, ауылішілік және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, фермерлерге қолайлы жағдай жасау, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, өнімді қайта өңдеу өндірістерін көбейту және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі жоспарлар таныстырылды.

Аудандық штаб мүшелері түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерімен де кездесулер өткізді. Белсенді өмір сүру орталығындағы зейнеткерлермен, көпбалалы аналармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, іскер әйелдермен, жастармен, такси жүргізушілерімен және Алға қаласының тұрғындарымен өткен кездесулерде халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелер ашық талқыланды.

Кездесулер барысында тұрғындар коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту, балалар ойын алаңдарын көбейту, жолдарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сайлауалды штаб мүшелері барлық көтерілген мәселелерді назарға алып, тұрғындардың әрбір ұсынысының маңызды екенін атап өтті.

Партия өкілдері азаматтардың пікірін ескеру мен халықпен тұрақты байланыс орнату сайлауалды жұмыстың негізгі қағидаттарының бірі екенін жеткізді. Ашық форматта өткен кездесулерде қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, бағдарламаның басым бағыттарына қатысты жан-жақты жауап алды.

Алға ауданындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Сайлауалды штаб мүшелері тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және түрлі әлеуметтік топтармен кездесулер өткізу арқылы халықтың ұсыныстарын жинақтап, ашық диалог алаңын қалыптастыруды жалғастыруда.

Мадина ТАЖИБЕКОВА