Әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған субсидияланатын жұмыс
орындарын ашу тәртібі туралы
Мемлекеттік қолдау – жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік. Қазіргі таңда халықты жұмыспен қамту, жұмыссыз азаматтарға еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесу және кәсіпкерлікті дамыту – әлеуметтік-экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта мемлекет жұмыс берушілерге субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы қолдау көрсетеді. Аталған мүмкіндік жеке кәсіпкерлермен қатар, белгіленген талаптарға сәйкес келетін әлеуметтік кәсіпкерлерге де беріледі.
Субсидияланатын жұмыс орындары – жұмыс беруші мен еңбек мобильділігі орталығы арасындағы шарт негізінде құрылатын, жалақысы мемлекет тарапынан толық немесе ішінара субсидияланатын жұмыс орындары. Бұл тетік жұмыссыз азаматтарды еңбекке тартуға, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға және жұмыс тәжірибесін қалыптастыруға бағытталған.
Әлеуметтік кәсіпкерлер қандай талаптарға сай болуы керек?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №275 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлер субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім бере алады. Өтінім беруші жұмыс беруші төмендегі негізгі талаптарға сәйкес болуы қажет:
-Қазақстан Республикасында тіркелген және қызметін жүзеге асырып отырған заңды тұлға немесе дара кәсіпкер болуы;
-өтінім берілген күнге дейін кемінде 12 айдан астам қызмет атқаруы;
-жалақы бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы;
-соңғы 12 ай ішінде жұмыскерлер үшін әлеуметтік төлемдерді тұрақты түрде аударуы;
— мемлекеттік кірістер органдарының сенімсіз салық төлеушілер тізімінде болмауы;
-банкроттық немесе тарату рәсімінде болмауы;
— бұрын жасалған субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы шарттар бойынша міндеттемелерін толық орындауы.
Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру кезінде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың тіркеліміне қатысты қолданыстағы талаптар мен мемлекеттік бюджеттен қосарланған қаржыландыруға жол бермеу жөніндегі шектеулер ескеріледі.
Субсидияланатын жұмыс орнын қалай алуға болады?
Әлеуметтік кәсіпкер мемлекеттік қолдауды пайдалану үшін бірнеше кезеңнен өтуі қажет. Бірінші кезең – тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгініп, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру талаптары туралы толық ақпарат алу. Екінші кезең – Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) арқылы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім беру. Өтінімде жоспарланған жұмыс орындарының саны, жұмыс түрлері, мамандықтар және жалақы мөлшері көрсетіледі. Өтінімнің қаралуы жұмыс берушінің белгіленген талаптарға сәйкестігіне байланысты жүзеге асырылады. Үшінші кезең – өтінімдерді қарау нәтижесінде жұмыс берушілер тізбесіне енгізіліп, жұмыс орындарының саны бекітілген жағдайда, мансап орталығы мен еңбек мобильділігі орталығы арқылы тиісті шарт рәсімделеді.Төртінші кезең – Электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орны жарияланып, тиісті талаптарға сай келетін жұмыссыз азамат жұмысқа қабылданады. Жұмыс беруші қызметкермен еңбек шартын жасасып, еңбек қатынастарын заңнамаға сәйкес рәсімдейді. Бесінші кезең – жұмыс беруші белгіленген тәртіппен жұмыс уақытының есебін жүргізіп, қажетті мәліметтерді уақытылы ұсынады. Жалақыны субсидиялау тиісті шарт пен қолданыстағы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Қанша жұмыс орнын ашуға болады?
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жеке меншік нысанындағы коммерциялық заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлер үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру аясында, жалпы тәртіп бойынша, 1-ден 5 жұмыс орнына дейін қарастырылған.
Жұмыс орындарының нақты саны жұмыс берушінің санатына, жұмыскерлер санына және қолданыстағы талаптарға сәйкес айқындалады. Ал жалақыны субсидиялау мөлшері мен мерзімі жұмыс орындарының түріне және тиісті нормативтік құқықтық актілерге байланысты белгіленеді.
Сондықтан әлеуметтік кәсіпкерлерге өтінім берер алдында өз қызметінің түріне сәйкес келетін жұмыс орындарының бағытын, қаржыландыру шарттарын және қатысу талаптарын мансап орталығынан нақтылау ұсынылады.
Жұмыс берушінің жауапкершілігі
Субсидияланатын жұмыс орындарын ашу мемлекеттік қолдауды алумен ғана шектелмейді. Жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге, еңбек шарттарын уақтылы рәсімдеуге және белгіленген есептілікті ұсынуға міндетті.
Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарының орнына құрылмауы тиіс. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарға еңбек тәжірибесін жинақтауға, кәсіби біліктілігін арттыруға және болашақта тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасау.
Әлеуметтік кәсіпкерлердің бұл бағытқа белсенді қатысуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті еңбек нарығын дамытуға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Субсидияланатын жұмыс орындары – әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бизнесті дамыту мен қоғамға әлеуметтік пайда әкелуді ұштастыратын мемлекеттік қолдау тетігі. Белгіленген талаптарға сай келетін кәсіпкерлер осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тартуға және олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына үлес қоса алады.
Осыған байланысты әлеуметтік кәсіпкерлерді мансап орталықтарымен тығыз байланыс орнатуға, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алуға және субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға белсенді қатысуға шақырамыз.
Р.Д Аманов,
Алға ауданының мансап
орталығының директоры