1 наурыздан бастап Алға-Ақтөбе бағытындағы такси бағасы айтарлықтай қымбаттады. Бұрын 700 теңгеге жүрген жол ақысы бүгінде аспандап кетті. Тұрсындағы такси қызметі 1000 теңгеге жетті. Тосттағы таксистер болса, халық үніне құлап асып, 100 теңгеге ғана өсірген. Бұл жағдай тұрғындардың ашу-ызасын тудырып отыр.

Жаңа жол – ескі әдет

Екі қаланың арасындағы жол бүгінде тақтайдай тегіс, сапалы әрі жүріс уақыты 30 минуттан аспайды. Соған қарамастан, жеке кәсіпкерлер – ЖК «Сексенбаева» мен ЖК «Төре» такси құнын негізсіз көтеріп жіберген. Халық «жолдың жақсаруы бағаның төмендеуіне ықпал етуі керек еді» деген пікірде. Алайда керісінше, тасымалдаушылар бәсекелестікті елемей, бағаны қолдан өсіріп отыр.

 

 

Қымбатшылыққа себеп бар ма?

Таксистер жанармай бағасын алға тартып, шығындардың өскенін айтады. Бірақ жанармай бағасы күрт көтерілген жоқ, ал жаңа жол көліктің тозуын азайтатыны белгілі. Демек, тарифті күрт өсіру ақылға қонымсыз.

Халық не дейді?

Жолаушылардың пікірінше, бұл – ашық нарықта бағаны қолдан шарықтату және тұрғындарды тонау. «Үкімет жол тасымалын жақсартып, жүргізушілерге жағдай жасап жатыр. Ал олар болса, халықтың қалтасына қол салудан тайынбай отыр» дейді тұрғындар.

Жауапты органдар назар аудара ма?

Такси қызметін реттеу – еркін нарықтың еншісінде. Алайда халықтың қалтасын қаққан кәсіпкерлердің әрекеті тиісті органдардың бақылауын қажет етеді. Жергілікті билік бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қоюы тиіс.

Халықтың көкейінде бір сұрақ: «Бұл баға осылай қала бере ме, әлде әділдік орнай ма?»

Мадина ТАЖИБЕКОВА