ҚР чемпионаты
Алға намысын асқақтатқан жас волейболшылар
Елорда төрінде өткен ел біріншілігі — жас спортшылардың шеберлігі мен табандылығын айқындайтын маңызды алаң. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласында 1–8 сәуір аралығында волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 19 команда бақ сынады.
Осы байрақты бәсекеде Алға ауданының намысын қорғаған №3 Алға қазақ орта мектебінің командасы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынмен оралды. Бұл — кездейсоқ жетістік емес, жүйелі дайындық пен тынымсыз еңбектің жемісі.
Айта кетейік, жас волейболшылар бұған дейін 26–27 наурыз күндері өткен Ақтөбе облысының чемпионатында үздік танылып, өңір намысын республикалық деңгейде қорғау мүмкіндігіне ие болған еді. Облыс чемпионы атанған команда республика чемпионатында да шеберлігін айқын дәлелдеп, лайықты нәтиже көрсетті.
Жеңіске жеткен команданың құрамында №3 Алға қазақ орта мектебінің оқушылары Мүсен Әділет, Базарбай Тамерлан, Байкешов Тамерлан, Мырзахметов Қайназар, Мырзахметов Рамазан, Ходжакулов Тұрсынбек, Сергебаев Диас, Құлынтай Санжар, Алданов Жанарыс, Урумбаев Амир өнер көрсетті.
Турнир барысында тұрақты әрі сенімді ойын көрсете білген команда капитаны Мүсен Әділет алаңда көшбасшылық танытып, шешуші сәттерде нәтижелі әрекеттерімен ерекшеленді. Чемпионат қорытындысы бойынша ол «үздік ойыншы» атағына ие болып, команданың жүлделі орын алуына өз үлесін қосты.
Бұл жетістіктің артында жаттықтырушының жүйелі еңбегі мен кәсіби біліктілігі жатыр. Команданы жарысқа жоғары деңгейде дайындаған тәжірибелі жаттықтырушы №3 Алға қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Оразалин Дулат шәкірттерінің ойын тактикасын жетілдіріп, олардың алаңдағы өзара үйлесімді әрекетіне ерекше мән берді. Нәтижесінде команда біртұтас ұжым ретінде ойын көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Алғалық жас спортшылардың бұл жетістігі — аудан абыройын асқақтатқан айтулы оқиға. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да толағай табыстарға жетуін тілейміз.
Мадина ТАЖИБЕКОВА