Алға педагогі Президенттің «Алғыс хатымен» марапатталды

Елорда төрінде ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатқан «Күй күмбірі» атты салтанатты кеш өтті. Тағылымы терең, мазмұны бай бұл шара халқымыздың асыл мұрасы – күй өнеріне деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, дәстүрлі өнерді дәріптеуге үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегін елеп-ескерген маңызды басқосу болды.

 Ауқымды іс-шара 20 сәуір күні Астанадағы көпсалалы «Tanym» оқушылар сарайында өтті. Республикалық акция аясында білім беру саласында табандылықпен еңбек етіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және ұлттық мәдениетті дамытуға зор үлес қосқан 80 педагог арнайы марапатқа ие болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, бірқатар сала өкілдеріне ордендер, медальдар және «Алғыс хаттар» табысталды.

Марапатталғандардың қатарында Ақтөбе облысының мерейін үстем еткен алғалық ұстаз да бар. Алға мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахметолла Атажанұлы «Күй күмбірі» республикалық акциясын ұйымдастыру мен өткізуге белсене атсалысып, ұлттық руханиятты насихаттауда қосқан сүбелі еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.

Бұл – бір ғана педагогтің емес, тұтас өңірдің білім саласына көрсетілген құрмет, ұлт болашағын тәрбиелеуге бағытталған қажырлы еңбектің лайықты бағасы. Ұстаздың жетістігі – шәкіртке үлгі, әріптеске жігер, қоғамға өнеге.

Алғалық педагогті жоғары марапатымен құттықтай отырып, алдағы еңбегіне толайым табыс, шығармашылық серпін және жаңа биік белестер тілейміз.

Мадина ТАЖИБЕКОВА