
Алға қаласында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, нысанды пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Жақын күндері пайдалануға берілетін жаңа спорт кешені аудан тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына жаңа мүмкіндік береді.
Жалпы аумағы 2 757 шаршы метрді құрайтын нысан облыстық бюджет қаражаты есебінен салынды. Жобаның жалпы құны – 1,4 миллиард теңге. Бұл – Алға ауданында соңғы жылдары жүзеге асқан ең ірі әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың бірі.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешені бір мезетте 150 адамды қабылдай алады. Мұнда әртүрлі спорт түрлерімен айналысуға арналған әмбебап спорт залы, шағын футбол алаңы және ұзындығы 25 метрлік жүзу бассейні қарастырылған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кешенде балалар, жасөспірімдер мен ересектердің дене шынықтырумен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалған.
Жаңа нысан аудан тұрғындарының спортқа қолжетімділігін арттырып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жас спортшыларды даярлауға серпін береді. Әсіресе, жүзу бассейнінің пайдалануға берілуі балалар мен жастардың суда жүзу дағдыларын меңгеруіне, сондай-ақ түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуына мүмкіндік ашады.
Қазіргі таңда кешенді пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан толық іске қосылғаннан кейін мұнда спорт секциялары мен үйірмелер жұмысын бастап, аудан тұрғындарына тұрақты қызмет көрсететін болады.