Алғалық оқушы халықаралық олимпиадада топ жарды

16–17 сәуір күндері Астана қаласында 11(12)-сынып оқушыларына арналған Өтеген Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурсы өтті. Жыл сайын дарынды жастардың басын қосатын беделді білім додасы биыл да ғылымға құштар, ізденімпаз оқушылардың басын бір арнаға тоғыстырды.

Математика, механика және экономика салаларында зерттеушілік қабілеті жоғары, жаңашыл ойлайтын жас таланттарды анықтау, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруды көздеген халықаралық деңгейдегі додаға Қазақстанмен қатар Тайланд, Түркия және Қытай мемлекеттерінен қатысушылар келді. Жалпы саны 121 оқушы 88 ғылыми жобаны қорғап, төрт бағыт бойынша бақ сынады. Олар: математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер.

Осынау жауапты сынға төтеп беріп, Ақтөбе облысының намысын қорғаған алты оқушының қатарында №4 Алға орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ақжігітов Нұртілек Абайұлы болып, ерекше жетістікке қол жеткізді.

Білімді жас «Экономикадағы математикалық әдістер» секциясы бойынша І орын иегері атанып, өңір мерейін үстем етті. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған оның ғылыми жобасының тақырыбы – «Жеке қаржылық жоспар және тәуекелді бақылау».

Нұртілек бұл жобаға бір жылдан астам уақыт бойы тыңғылықты дайындалған. Ол қазіргі қоғам үшін аса өзекті саналатын жеке қаржыны тиімді басқару мәселесін жан-жақты зерттеді. Атап айтқанда, табыс пен шығынды сауатты жоспарлау, ұзақ мерзімді қаржылық мақсаттар қою, сол мақсаттарға жету жолындағы қауіп-қатерлерді бағалау мәселелерін математикалық тәсілдер арқылы зерделеді.

Жас зерттеуші ықтималдық теориясы мен математикалық талдау элементтерін пайдалана отырып, әртүрлі қаржылық жағдайларды модельдеп, олардың нәтижелерін салыстырған. Соның негізінде тиімді шешім қабылдаудың нақты жолдарын ұсынды.

Ең бастысы, жоба тек теориялық деңгейде қалмай, тәжірибелік маңызға да ие болды. Зерттеу нәтижесінде Нұртілек мектеп мұғалімдеріне арналған арнайы цифрлық платформа әзірледі. Бұл жүйе пайдаланушыларға өз қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, пәтер немесе автокөлік сатып алу секілді ірі мақсаттарды кезең-кезеңімен жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба ықтимал тәуекелдерді алдын ала есептеп, ең тиімді шешімді таңдауға көмектеседі.

Осылайша, жас ғалымның еңбегі нақты өмірде қолдануға болатын тиімді құралға айналды.

Нұртілектің жетістігі кездейсоқ емес. Оның негізгі қызығушылықтары – математика, шахмат және тоғызқұмалақ. Бұл зияткерлік бағыттар логикалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, күрделі мәселелерді жүйелі талдауға, салмақты шешім қабылдауға баулиды.

Ол мектеп қабырғасында 5-сыныптан бастап тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысып, кейін шахматпен шұғылданған. Аудандық және облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, өз қабілетін талай мәрте дәлелдеді. Осындай ізденіс пен табандылық ғылыми жобасын әзірлеуде үлкен септігін тигізді.

Бұл жеңіс – талапты шәкірттің тынымсыз ізденісінің, сондай-ақ ғылыми жетекшісі Ибраева Назгүл Арғымбекқызының кәсіби біліктілігі мен ұстаздық еңбегінің жемісі. Шәкірт бойындағы қабілетті дер кезінде танып, оны ғылымға бағыттап, ізденіске жетелей білген ұстаздың еңбегі осындай жетістіктердің арқасында еленіп жатады.

Алдағы уақытта Нұртілек математика мен экономиканы ұштастыра отырып, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған жобаларды дамытуды көздейді. Терең білім алып, оны ел игілігіне жарату – оның басты мұраты.

Нұртілектің жеңісі – жеке жетістік қана емес, бұл – Алға ауданының абыройын асқақтатқан айтулы табыс, бұл — білімге ұмтылған қазақ жастарының жарқын келбеті, ғылымға бет бұрған өскелең ұрпақтың айқын көрінісі.

Ақжігітов Нұртілек Абайұлын жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ғылым көгінде жұлдызы жарықтай беруіне тілектеспіз!

Мадина ТАЖИБЕКОВА