Ана жүрегіне тағзым
Тамылжыған көктемнің арайлы шуаққа толы мерекесі — 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев елдің берекесі мен ұрпақтың ұйытқысы болған ардақты аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Алдымен аудан басшысы 93 жастағы тыл ардагері Махамбетова Алмажай Тасыбайқызының шаңырағына ат басын бұрып, облыс әкімі Асхат Шахаровтың құттықтау хатын табыстады. Ақ жаулықты ананың ақ батасын алып, елге сіңірген еңбегіне ризашылығын жеткізді.
Тағдыр тауқыметін жеңген ана
Алмажай әже 1933 жылы Байғанин ауданына қарасты Доңызтау ауылында дүниеге келген. Әкесі Тасыбай – домбыра тартып, күй шерткен өнерлі жан болған. Бірақ соғыс жылдарының ауыртпалығы бұл шаңырақты да айналып өтпеді. Әкесі Ұлы Отан соғысына қатысып, екі аяғынан айырылып елге оралады. Көп ұзамай өмірден өтеді. Артынша анасы да дүние салып, балалар тағдырдың ауыр сынағымен бетпе-бет қалады.
- — Біз бауырлар бір-бірімізді жетектеп өстік, – дейді Алмажай әже өткен күндерді еске алып.
Балалық шағы қиын кезеңге тап келген ол ерте есейеді. Доңызтаудың сазды жерін кешіп, алыстағы мектепке қатынап, жеті сыныптық білім алған. Ол жылдары әрі қарай оқуға мүмкіндік болмағандықтан, Алмажай әже жастайынан еңбекке араласады.
Соғыс жылдарында тылда жұмыс істеп, масақ теріп, егін орып, өгіз жегіп шөп тасиды. Қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағы үшін сарп еткен ардагердің бірегейі. Хас батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді»
- — Жиде талының жемісін, бидайды жеп өстік. Қанағат тұттық, – деп еске алады ақжаулықты ана.
Ең ауыр сәттердің бірі – үшінші сыныпта оқып жүргенде бөгетке құм тасытқан кезі. «Бала болсақ та, ауыр жүк көтердік. Қатты қиналдық», – дейді ол.
Алмажай әженің жары – Нәжімаддин Мәмбеталин байланыс саласында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Жастайынан өнерге жақын, күйшілік қасиеті бар жан болған. Белгілі күйші Жайлаубай Асылхановқа ұстаздық еткен де осы Нәжімаддин екені – сол шаңырақтың өнерге жақындығын айғақтайды.
1997 жылы отбасы Тамды ауылына қоныс аударып, содан бері осы елді мекенде тұрып келеді. Алмажай әже – 10 баланың анасы. Жан жары Нәжімаддин екеуі тәрбиелеп өсірген төрт ұл мен алты қыздан тараған 36 немере мен 57 шөбере сүйіп отыр. Балалары әртүрлі салада еңбек етеді. Бірі мұғалім, бірі мал шаруашылығында, енді бірі вахталық жұмыста.
Бүгінде ақжаулықты әжеміз – «Алтын алқа» иегері, үлкен әулеттің ақылман анасы.
Қазір Алмажай әже ұлы Жексенмен Тамды ауылында тұрады. Ұлы теміржол саласында күзет қызметінде жұмыс істейді.
Жастық шағында көрген қиындықтарға қарамастан, әже бүгінгі елдің тыныштығына шүкіршілік етеді.
- — Қазір бәрі бар. Еліміздің жағдайы жақсы. Тек амандық болсын, – дейді ол.
Көпбалалы ананың өнегелі жолы
Аудан әкімі бұл күні тағы бір ардақты ана – Қожасаева Ұлзия Махамбетқызын да мерекемен құттықтап, облыс әкімі Асхат Шахаровтың құттықтау хатын табыстады. Ақ жаулықты ананың шаңырағына арнайы ат басын бұрған аудан басшысы оның өнегелі өмір жолына ризашылығын білдіріп, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
Ұлзия апа 1949 жылы Шалқар ауданының бұрынғы Жамбыл колхозына қарасты Қарасай ауылында дүниеге келген. Шаруа отбасында өсіп, ерте еңбекке араласқан.
1966 жылы Сайлаубай Қожасаевпен шаңырақ көтеріп, ұзақ жылдар бірге өмір сүріп келеді. Биыл олардың бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына 59 жыл толып отыр.
Ұлзия апа – 12 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Сегіз ұл мен төрт қызға өмір сыйлаған ана жүрегі әр перзентінің бақыты мен болашағын бәрінен биік қойды. Өкінішке қарай, өмірдің сынағы мұнда да айналып өтпей, екі перзентінен ерте айырылған. Соған қарамастан, ана жүрегі мейірім мен сабырын жоғалтпай, шаңырақтың шырағын сөндірмей келеді.
1986 жылы Ұлзия апа «Батыр ана» төсбелгісімен марапатталса, кейін «Алтын алқа» иегері атанды. Бұл – ананың ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегіне берілген жоғары құрметтің белгісі.
Бүгінде оның тәрбиесін көрген ұл-қыздары елдің әр саласында еңбек етіп жүр. Екі ұлы ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Бірі – подполковник, бірі – майор шенін иеленген. Келіндері дәрігер мен мұғалім мамандығын таңдап, ел игілігі жолында қызмет атқаруда. Ал бір қызы Ойыл ауданында ұстаздық етіп, жас ұрпаққа білім беріп жүр.
Бүгінде үлкен әулеттің берекесін кіргізіп, ұрпаққа үлгі болып отырған Сайлаубай аға мен Ұлзия апаның 35 немересі мен 14 шөбересі бар.
- — Бақытты өмір – балалардың амандығы мен бірлігі. Біз тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз, – дейді Ұлзия апа.
Кездесу барысында аудан әкімі аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, олардың ел үшін атқарған еңбегін ерекше атап өтті. Тағдырдың сынағына сынбай, ұрпақ тәрбиелеп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан асыл жандарға алғысын білдірген аудан басшысына ақ жаулықты аналар да өз кезегінде ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.
P.S.: Уақыт көшінде ғасырлардың салмағын көтеріп келе жатқан аналардың тағдыры – тұтас бір дәуірдің айнасы. Олардың өмір жолында соғыстың салқыны, тұрмыстың ауырлығы, еңбек пен төзімнің ізі жатыр.
Алмажай әже мен Ұлзия апаның өмірі – тек бір отбасының ғана емес, тұтас бір ұрпақтың тарихы. Осындай ардақты аналардың ақ батасы мен өмірлік өнегесі – ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ іспетті. Өйткені ананың жүрегі соққан жерде мейірім бар, ал ананың мейірімі бар жерде ұлттың да болашағы баянды.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ