Ақтөбе облысындағы «Айс» сүт-тауар фермасы тәулігіне 100 тоннадан астам сүт өндіруді жоспарлап отыр

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттермен үндес. Президент заманауи сүт-тауар фермаларын салу тәжірибесін кеңінен тарату және инвесторларға ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржыландыру ұсынудың маңызын атап өткен еді.
Ақтөбе облысында «Айс» сүт-тауар фермасын кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – сүт өндіру көлемін арттыру, өндірістік инфрақұрылымды жаңарту және мал шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу.
Кәсіпорынға «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелендіру» бағдарламасы аясында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 7,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру берілді. Несие жылдық 2,5 пайызбен 12 жыл мерзімге ұсынылған. Оның ішінде алғашқы екі жылға жеңілдік кезеңі қарастырылған.
«Айс» кәсіпорны 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашқы кезде фермада 1 000 сауын сиыр болып, тәулігіне шамамен 5 тонна сүт өндірілген. Кәсіпорынды ауқымды кеңейту жұмыстары 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін негізге ала отырып басталды.
Бөлінген қаражат өндірістік нысандарды салу мен жаңғыртуға, заманауи жабдықтар сатып алуға және асылтұқымды мал басын көбейтуге бағытталды. Атап айтқанда, шаруашылық 495 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Алдағы уақытта мал басын өз төлінің есебінен көбейту көзделген.
Жаңғырту жұмыстары аясында еуропалық өндірістің заманауи жабдықтарымен жабдықталған айналмалы типтегі сауу залы орнатылды. Бұл – Қазақстанның батыс өңіріндегі осындай үлгідегі жалғыз нысан.
Жабдық бір мезгілде 50 сиырды саууға мүмкіндік береді. Алты сағаттық ауысымда 1 600 басқа дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, сауу процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта ферма тәулігіне шамамен 40 тонна сүт өндіреді. Жоба толық іске асқаннан кейін сауын сиырларының саны 2 600 басқа жетіп, тәуліктік сүт өндіру көлемі 100 тоннадан асады. Негізгі құрылыс және жаңғырту жұмыстарын келер жылдың басында аяқтау, ал жобалық қуатқа 2027 жылдың үшінші тоқсанында шығу жоспарланған.
Кәсіпорын жұмысының маңызды бағыттарының бірі – малды өз жемшөбімен қамтамасыз ету. Осы мақсатта шаруашылықтың 2 500 гектар суармалы жері бар. Мұнда мал азықтық дақылдар өсіріліп, ылғал үнемдеу технологиялары қолданылады.
Сонымен қатар шаруашылық химиялық өңдеу құралдарынан бас тартып, топыраққа пайдалы бактериялар негізіндегі биологиялық препараттарды қолдануға көшкен. Бұл тәсіл топырақ құнарлылығын сақтауға және Ақтөбе өңірінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, тұрақты жемшөп қорын қалыптастыруға сеп.





