Халық үні
Асфальт бар, суағар жоқ: ардагер ұстаздың жанайқайы
Алға қаласы күннен күнге құлпырып, келбеттеніп келеді. Жол жөнделіп, көшелер асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы салынып жатқаны – әрине, көз қуантады. Алайда, кез келген игілікті іс қарапайым халықтың қамын шын мәнінде ойлағанда ғана шынайы жақсылыққа айналмақ.
Кирпичный аумағының тұрғыны, педагогика саласының ардагері, жоғары санатты ұстаз Бибігүл Келімбердіна бұл тұрғыда өзін толғандырған мәселені ортаға салды.
— Қаланың көркейіп келе жатқанына ел риза. Бірақ кейде игі бастамалар аяқсыз қалғандай күй кешесің. Осыдан 5-6 жыл бұрын біздің аумақ – Мұратбаев пен Чапай көшелеріне асфальт төселді. Жолдың сапасына еш өкпе жоқ. Алайда, сол асфальт төселгелі бұрынғы жол деңгейінен жарты метрге биіктеп кетті. Мен дәл осы екі көшенің қиылысында – Чапай 33 мекенжайында тұрамын. Содан бері көктемді қорқынышпен күтемін. Қар еріп, жаңбыр жауса – аудандық ауруханадан бастап Мұратбаев көшесінен аққан бүкіл су менің аулама ағылады. Себебі жол төселгенде су ағатын суағар мүлде қарастырылмаған, – дейді Бибігүл апай.
Ардагер ұстаз бұл мәселені бірнеше жыл бойы көтеріп, қала әкімшілігінің табалдырығын тоздырған. Бұдан бөлек аудан әкімінің қабылдауында да бірнеше жыл бойы бұл мәселені көтергенін де сөзге тиек етті. Бірақ, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.
— Жақында аудан басшылығы ауысты. Сәуір айында қабылдауында да болдым. «Баяғы жартас бір жартас» демекші бұл әкімге де жанайқайымды жеткіздім. Бұйырса бір жылдың ішінде мәселені шешіп беремін деп көндірді. Уақыт көрсетеді. Десек те неше жылдан бері үмітім үзілді, — дейді ардагер ұстаз.
Мәселенің мән-жайын нақтылау үшін газет редакциясы құзырлы органдармен байланысқа шықты. Алға аудандық ТҮКШ және АЖ, қала әкімшілігінің мамандары бұл жағдайдан хабардар екенін, мәселені егжей-тегжейлі зерделеу жұмыстары жүргізілетінін, және де алдағы уақытта тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді. Бұл жайлы біз аудандық газетіміздің келесі санында жариялайтын боламыз.
– Мәселенің шешімі өте қарапайым, – дейді ол. – Чапай көшесіне 2-3 суағар лотогы мен қақпа тұсына құбыр орнатылса жеткілікті. Жол төсеп болған соң, қайта-қайта жөндеу – үлкен ысырап. Неге сол бастапқыда жобалау-сметалық құжаттама әзірлегенде осыны зерттемеске? Мәселені кейін емес, бастапқыда шешкен әлдеқайда тиімді емес пе?
Иә, тұрғынның жанайқайы жауапсыз қалмауы тиіс. Жоспарлы жұмыстарға салғырт қарау – бір адамның ғана емес, тұтас ауданның көңілін су сепкендей басуы мүмкін. Ендеше, мәселе уақтылы шешілсе – шын мәніндегі «Алғадағы игі істер» сол болмақ.
P.S.: Біз осы сауалды жалғастыра отырып, өзге тұрғындардың да ұсыныс-пікірлерін жариялауды көздейміз. Ал сіздің көкейіңіздегі мәселе қандай?