Ата жолын жалғаған

Ақтөбедегі белгілі әулеттердің бірі — 5 буын бойы үзбей ұстаздық етіп келе жатқан Жәмековтер әулеті. Ел үшін өте маңызды саналатын Құрылтай сайлауына бұл әулеттің өкілдері де қатысып, өз таңдауларын жасады.
Жәмековтер әулеті өкілдерінің бір тобы Ақтөбедегі М. Ғабдуллин атындағы №70 мектепте орналасқан №99 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Бұл әулеттің ұстаздық жолдағы тарихы Н. Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтын бітіріп, ұзақ жылдар бойы физика-математика пәнінің мұғалімі болған, соғыс және еңбек ардагері Ермек Жәмековтен басталады. Бүгінгі күні оның шөпшектері де ата жолын жалғап жүр.
Ермек Жәмековтің немерелері арасынан 16 адам педагогикалық қызметті таңдап, мектеп, балабақша, кәсіби-техникалық білім беру саласы мен жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етіп келеді. Үлкен немересі Нұралы Әнесұлы — «Өрлеу» республикалық орталығының «Ақпараттық технологиялар» бөлімінің басшысы. Ол Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Тағы бір немересі Гүлназира Кенжеқызы атасы еңбек еткен білім ордасы — Шалқар ауданындағы Қарашоқат орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Гүлназираның шәкірттері республикалық және облыстық байқаулардың жүлдегері атанған.
Қазір әулеттің жалпы педагогикалық стажы 700 жылдан асты. Ұлағатты ұстаз Ермек Жәмековтің ұрпақтары арасынан 40-тан астам педагог шықты. Олардың арасында ҚР білім беру ісінің үздіктері, Ы. Алтынсарин атындағы медаль иегерлері бар.
И. Жаймағамбетова.