Аудандық байқау өтті
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі және аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, драматург, сазгер Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Жыр сөйлейді жүрекпен» атты аудандық байқау өткізілді.
«Ол өлең жолдарын өте тез шығарады» деп еске алатын ақын Бәкір Тәжібаевтың көзін көргендер. Және сол шумақтар әуел бастан-ақ белгілі бір ырғаққа сай әуенге қонымды келеді. Осылайша қас қағым сәтте пайда болған дүниелер күні бүгінге дейін халық арасында шырқалуда.
Қарапайым адаммын ой аулаған,
Ар сақтауды үйретті аяулы анам.
Атақ-даңқ жорғасын тайпалдырмай,
Жақсылықтың жолында жаяу қалам – деп жырлаған ақын әрдайым әділдікті, қарапайымдылықты бірінші орынға қоятын болған. Адалдықтан, тазалықтан туған дүние халық ықыласына бөленетіні хақ. Бәкір Тәжібаев қаламынан шыққан әндердің халықтың төл туындысындай қабылданатынының өзі ақынның зор мәртебесін айғақтайды. Тума талантттың мәңгі өлшес шығармашылығы кейінгі ұрпаққа қашан да мол мұра боп қалары анық.
Ақынның шығармашылығын насихаттау, көпшілік оқырманның көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең ақынның бір өлеңін жатқа оқу болса, екінші кезең ақынның бір әнін нақышына келтіріп орындау және үшінші кезең ақынның өмір жолынан сұрақ — жауап. Ән мен жыр додасына аудан бойынша жас ерекшелігі 20 жастан жоғары барлық жыр сүйер оқырмандар қатысып, бойларындағы керемет өнерлерін ортаға салды. Әрбір қатысушының байқауға жауапкершілікпен дайывндалып келгендері олардың сахна төріндегі ынта-ықыласынан-ақ көрініп тұрды. Жыр маржаны төгілген ақынның шығармаларын жатқа оқып, әсем әндерін нақышына келтіре орындады. Қатысушылардың ақынның өлеңдерін тебірене оқығаны кім-кімді де бей жай қалдырмай, ұмытылмас әсер сыйлай білді.
Байқауға қатысушылардың өнерін бағалап, әділ бағасын берген әділқазы алқасының құрамында Тамды орта мектебінің директоры, қазылар алқасының төрайымы Лира Улыкпанкызы Садуакасова, №4 Алға орта мектебі директорының орынбасары Қойшыбаев Әлихан Ізбасқанұлы, Тамды орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ибат Айбаршын Аққұбашқызы, Алға аудандық өнер мектебінің ұстазы Жұмағазиев Бердіғали Жаныбекұлы
және сарапшы ардагер журналист Шара Елеусіз болды.
Шара барысында аудан өнерпаздары белгілі ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтың әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аталмыш байқау қатысушыларға рухани әсер сыйлап, төл әдебиетімізге деген сүйіспеншіліктерін арттырды.
Байқау соңында белсенді қатысушылар марапатталып, алғыс хаттар мен дипломдар табысталды.
Бас жүлде — Түйешова Айдана, Бестамақ ауылы.
І орын — Алпысбаев Батырхан, Есет батыр ауылы.
ІІ орын — Нарекова Лаура, Маржанбұлақ ауылы.
Сатыбалдина Әлия, Алға қаласы.
ІІІ орын — Жаманова Роза, Самбай ауылы.
Қазтөре Жанбота, Алға қаласы.
Бүркітбаева Гүлназ, Қарақұдық ауылы.
Барлық жеңімпаздарды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрдайым бәйгеден оза шауып, биіктен көріне берсін демекпіз.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ