Ауыл үні – назарда

 Қазақстанда алғаш рет өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында сайлауалды штабтардың халықпен кездесіп, елді мекендердегі өзекті мәселелерді зерделеуі – маңызды қоғамдық жұмыстардың бірі. Осы бағытта «Әділет» партиясының Алға аудандық сайлауалды штабы тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен жоспарлы кездесулерін жалғастыруда.

Кезекті кездесу Тамды ауылдық округіне қарасты Тамды, Талдысай және Еркінкүш ауылдарында өтті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары елді мекендердің әлеуметтік ахуалына, жұмыспен қамтуға, білім беру, медицина және инфрақұрылым мәселелеріне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Тамды ауылында тұрғындар тарапынан электр маманының тапшылығы көтерілді. Ауыл үшін бұл – күнделікті тұрмыс пен қауіпсіздікке тікелей әсер ететін маңызды мәселе.

Көтерілген сауалға «Энергосистема» ЖШС басшысы Жандос Кульниязов жауап беріп, бүгінде кәсіпорын мен Алға индустриялық колледжі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама арқылы қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар жастардың өндірісте еңбек ете жүріп білім алуына жағдай жасалатыны айтылды. Яғни болашақ маман жұмыс тәжірибесін жинақтап қана қоймай, оқуын жалғастырып, шәкіртақы алуға мүмкіндік алады. Бұл – ауыл жастарын мамандыққа тартумен қатар, жергілікті жердегі кадр тапшылығын шешуге бағытталған нақты қадам.

Талдысай ауылында тұрғындарды алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі – мектептегі бала санының аздығы. Жаңа оқу жылында білім ордасы толық жасақталмай қалуы мүмкін деген қауіп бар.

Мектеп ұжымын білім ордасының болашағы алаңдатады. Себебі мектеп – ауылдың білім беретін мекемесі ғана емес, елді мекеннің әлеуметтік тіршілігінің өзегі. Оның тағдыры ауылдың келешегімен тікелей байланысты.

Кездесу барысында штаб мүшелері бұл мәселенің назарға алынатынын айтып, тиісті бағытта жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Талдысайлықтардың тағы бір өзекті мәселесі – медицина маманының тапшылығы. Ауылда жаңа медициналық пункттің болуы тұрғындарға үлкен мүмкіндік бергенімен, онда қызмет көрсететін медбикенің жоқтығы мәселені күрделендіріп отыр. Ауыл тұрғындары үшін заманауи нысанның болуы жеткіліксіз, ең бастысы – сол жерде халыққа қызмет көрсететін білікті маманның болуы.

Еркінкүш ауылында тұрғындар ауыларалық жолдың жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. Ауыл мен аудан орталығын байланыстыратын жолдың сапасы тұрғындардың күнделікті қатынасына, әлеуметтік нысандарға қолжетімділігіне және ауылдың жалпы дамуына тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар ауылдағы бастауыш мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныс айтылды. Еркінкүште мектеп жасындағы балалар санының жеткілікті болуы – елді мекеннің демографиялық әлеуетінің бар екенін аңғартады. Сондықтан білім беру нысанының жағдайын жақсарту мәселесі де ауыл тұрғындары үшін маңызды.

Кездесулер барысында айтылған әрбір ұсыныс пен мәселе ауыл тұрғындарының күнделікті өмірімен тығыз байланысты екені көрінді. Электр маманының тапшылығы, мектептің болашағы, медицина қызметкерінің жетіспеуі, жолдың жайы – бұлардың барлығы ауыл тіршілігінің сапасына тікелей әсер ететін мәселелер.

Халықпен кездесудің мәні де осында. Ашық пікір алмасу арқылы тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, шешімін күткен мәселелер айқындалады. Ең бастысы – көтерілген әрбір мәселенің назардан тыс қалмай, тиісті деңгейде қаралуы.

Ауыл тұрғындарының үміті – айтылған сөздің нақты іске ұласуында. Өйткені елдің еңсесі ауылдан басталады. Ал ауылдың өркендеуі – онда тұратын халықтың тұрмыс сапасы, білім беру мен медицинасының қолжетімділігі, жолының жағдайы және еңбек етуге мүмкіндіктің болуымен өлшенеді.

Мадина ТАЖИБЕКОВА