Ел бірлігі мен еңбектің қадірін дәріптегенайтулы шара Алға қаласында өтті. 1 мамыр —Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Бір ауыл — бір өнім» атты көрме-байқау — тек кәсіпкерлік көрмесі ғана емес, туған жердің тіршілігін, ауыл адамдарының маңдай тері мен іскерлігін паш еткен үлкен еңбек мерекесіне айналды.
Шараға Алға ауданының 17 кәсіпкері қатысты. Олардың 10-ы ауылдық округтерден, 7-еуі Алға қаласынан. Олар өз қолымен өндірген сүт пен ет өнімдерін, табиғи сабын мен қолөнер бұйымдарын, жылыжай жемістері мен көкөністерін, экологиялық тыңайтқыштарын, тоқыма бұйымдарын халық назарына ұсынды.
Көрмені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудан әкімдігімен бірлесе отырып ұйымдастырды. Шараға Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханова және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Нұрғалиев қатысып, кәсіпкерлермен пікір алмасты.
Аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиев өз сөзінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту бағытында қаржылай және гранттық қолдаулардың қарастырылып жатқанын атап өтті. Ал Күлпаршын Айдарханова бұл бағдарламаның ауыл экономикасын көтерудегі рөліне тоқталып, «Бір ауыл — бір өнім» — ауыл бренді мен бірегейлігін қалыптастыратын маңызды жоба екенін айтты.
Бұл көрме облыстық байқауға жолдама беретін іріктеу кезеңі болды. Комиссия мүшелері көрме соңында Алға қаласындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, жергілікті өндіріс барысымен танысты.
«Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасы 2022 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жобаның басты ерекшелігі — әр ауыл өзіне тән, ұлттық ерекшелікке, табиғи шикізатқа негізделген, экологиялық таза өнім түрін шығарады.
Бірлік күнінде ұйымдастырылған шара — елдің татулығын, ауылдың тіршілігін, халықтың еңбекке деген құрметін көрсеткен тағылымды оқиға болды.
Мадина ТАЖИБЕКОВА