Азаматтық ұстаным — отбасылық дәстүр

Бүгін өнерлі отбасы — Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актерлері Шынтас Омаров пен Айнагүл Өлмесекова Ақтөбе қаласындағы №42 орта мектепте орналасқан №12 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Өнерлі жұп елдегі маңызды қоғамдық іс-шараларда үнемі азаматтық белсенділік танытып келеді. Сайлау учаскесіне отбасы мүшелерімен бірге барып, өз таңдауын жасау олар үшін қалыптасқан отбасылық дәстүр.
Мұны өздері балаларға үлгі әрі олардың азаматтық жауапкершіліктің маңызын түсінуіне де ықпал етеді деп ойлайды.
Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айнагүл Өлмесекова жұбайы екеуі ел өміріндегі бірде-бір маңызды қоғамдық-саяси оқиғаны назардан тыс қалдырмайтынын айтты. Шынтас Омаров та жұбайының сөзін қолдап:
— Бүгін отбасымызбен бірге сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасадық. Меніңше, мұндай сәтте отбасы мүшелерінің бірге келіп, ортақ азаматтық ұстанымын көрсетуінің тәрбиелік мәні де бар. Өнер адамы ретінде қоғамдағы өзгерістерді әрдайым сезініп, халықтың тыныс-тіршілігіне назар аударып жүреміз. Театр сахнасындағы әрбір қойылым да адамды ойлануға, құндылықтарды бағалауға үндейді. Бүгінгі таңдаудың мәні де осында деп ойлаймын. Әркім өз ұстанымын білдіріп, ел өміріне қатысты маңызды мәселеге бейжай қарамағаны жөн. Отбасымызбен бірге осы күннің куәсі болғанымызға қуаныштымыз, — деді актер.
Жұбайлар шығармашылықпен қатар, отбасы құндылықтарын насихаттауға да көңіл бөледі. Жақында осы тақырыпта жаңа ән жазып, оған бейнеклип түсірді.
Биыл Шынтас пен Айнагүл Омаровтар Ташкент қаласында өткен «Махаббат әлемі» концертіне қатысып, Өзбекстандағы қазақ диаспорасы алдында өнер көрсетті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.