Байқымыз – бапталған қымыз
Ақайдың ақ қымызы Астананы тамсандырды
Астанада өткен «Байқымыз – бапталған қымыз» ұлттық тағамдар гастрофестивалі – ата-бабадан мирас болған киелі сусынның қадірін қайта жаңғыртып, халықтың санасына сіңіре түсуді көздеген рухани, мәдени әрі гастрономиялық ауқымды шара болды. Елорданың төрінде, «Қазанат» ипподромында өткен бұл фестиваль 19-20 шілде күндері қымызбен қауышқан жұртшылықтың көңілін бір марқайтып тастады.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық қымыз өндірушілер қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Қымыздың кәдуілгі түрінен бастап, ысталған, балқымыз сияқты сан алуан нұсқаларын татуға мүмкіндік болды. Этно-мәдени бағдарлама, халық музыкасы, ұлттық киімдер, қолөнер – бәрі-бәрі көрмеге келген халықтың рухын аспандатты. Қонақтар тек дәм татып қоймай, қымыз өндіру технологиясы мен дәстүрі жайлы мол мағлұмат алып қайтты. Шара аясында үздік қымыз өндіруші анықталып, жүлде қоры 45 миллион теңгені құрады.
Осындай айтулы додада Ақтөбе облысы Алға ауданы Ақай ауылына қарасты «Абылай» шаруа қожалығы да өзінің өнімін ұсынып, көптің ықыласына бөленді. Олар арнайы 320 литр қымызды Астанаға апарған. Үш түрлі: кәдімгі еш қопасыз қымыз, ысталған қымыз және балқымыз. Қазақ «Қымыз – қазақтың қазынасы» деп бекер айтпаған, әр дәмнен туған даланың исі аңқып тұрды.
- — Гастрофестиваль төрт түрлі критерий бойынша бағаланды: химиялық талдау, өнімді таныстыру, қазылар алқасының бағасы және халық дауысы. Әрқайсысы 25 балдан бағаланып, барлығы 100 балл болатын жүйемен есептелді. Біз максималды балл алған 8 шаруашылықтың қатарынан табылып, арнайы сертификатқа ие болдық, — деді әулеттің келіні Сәуле Көкен.
Атадан балаға жалғасқан кәсіптің тамыры тереңде. Абылай шаруа қожалығының тарихы – тәуелсіздікпен бірге бастау алған еңбектің, төзімнің шежіресі. Бұл қожалық 1997 жылы Ксупов Қыдырбайдың бастамасымен құрылды. Басында небәрі 5-6 биемен ғана қымыз өндіріп бастаса, бүгінде күніне 60 бие сауылып, 180 литрге дейін сүт алынады. Айына 5500 литрге дейін қымыз өндіріледі. Бұл – бір ғана отбасының, бір әулеттің маңдай терімен келген адал табысы. Жайылымдағы жылқы шөппен қоректеніп, қорада байлаусыз, еркіндікте жүргендіктен, олардың қымызы да табиғи әрі шипалы.
- — Біздің артықшылығымыз – сапа мен дәстүрге адалдық. Қымызды өзіміздің рецептімізбен, жаңа технологияны ұштастыра отырып дайындаймыз. Отбасымыздың барлық мүшесі – үлкенімізден келіндерімізге дейін осы кәсіптің басында. Біз бір үйдің емес, бүтін бір ауылдың тірегіне айналдық, — дейді қожалық мүшелері.
«Бие сүтінің шипасы – мың дертке дауа» деген қазақ нақылы бүгінгі күнде де өз маңызын жойған емес. Қымыз – иммунитетті көтеріп, асқазанды жақсартып, қан айналымын реттейтін ерекше сусын. Бұл тұрғыда «Абылай» ШҚ-ның өнімдері еліміздің бірнеше өңірінде тұрақты сұранысқа ие.
Қожалықтың негізін қалаушы Қыдырбай Ксупов – еңбек адамдарының жарқын үлгісі. Кәсіпкер бірқатар қоғамдық бірлестіктері медальдарына, аудан, облыс әкімдерінің марапаттарына ие. Еңбегі еленіп, еліміздің жоғарғы марапаты – ҚР Президентінің «Ерен еңбегі үшін», ҚР Ауылшаруашылығы Министрлігінің медалімен наградталған. Бұл марапат – жай ғана сыйлық емес, ауылдың тағдырын арқалап жүрген азаматқа берілген үлкен алғыс.
«Байқымыз – бапталған қымыз» фестиваліне ерекше дайындықпен келген «Абылай» ШҚ бұл шараның абыройын арттырып, ұлттық сусынның мәртебесін көтеруге үлкен үлес қосты. Алдағы жылдары бұл фестиваль дәстүрге айналып, қымыз мәдениетінің кеңінен насихатталуына себепкер болса, ұлттық рухтың қайта жаңғыруына жол ашары анық.
P.S. Қазақ «Асың барда ел таны – атың барда жер таны» дейді. Бүгінде елге адал ас ұсыну – үлкен жауапкершілік, аманат. Ауылдың берекесін қалаға жеткізген «Абылай» шаруа қожалығы табиғи өнімдерін Ақтөбе қаласының өзінен де ұсынады. Егер Сіз де бал қымыздың, табиғи тағамның дәмін татқыңыз келсе, Бөкенбай батыр көшесі, 22/1 мекенжайындағы «Біздің ферма» дүкеніне бас сұғыңыз. Бұл дүкен сөрелерінде 100 пайыз табиғи өнімдер – дәл сол Қарсақбайдың құнарлы жерінде жайылған малдың сүті мен еті және өнімдері тұр. Барлығы – ешбір қоспасыз, қиюын тапқан таза өнім. Тіпті, бал татыған құрт пен ірімшікке дейін бабымен әзірленеді.
Мадина ТАЖИБЕКОВА