Балалар арасында жедел ішек инфекциясы: Ата-аналарға ескерту!

 

Жаз айларында күннің ысуымен бірге балалар арасында жедел ішек инфекцияларының саны күрт артады. Бұл індет көбінесе тазалық талаптарының сақталмауы, әсіресе жуылмаған жеміс-жидектер мен дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтынудан туындайды.

Негізгі себептер

Балалардың ағзасы ересектерге қарағанда әлсіз болғандықтан, олар инфекция жұқтыруға бейім. Көбінесе қауын, қарбыз секілді жемістерді дүкеннен немесе базардан сатып алғаннан кейін жумай жеу – ішек инфекциясының басты себептерінің бірі. Бұл жемістердің сырты микробтарға толы болуы мүмкін, ал кескен кезде сыртқы бактериялар ішіне еніп, ішек жолына зиян келтіреді.

Сондай-ақ, ұзақ уақыт ашық жерде тұрған, салқындатылмаған немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағамдар да балалар үшін үлкен қауіп төндіреді.

Инфекция белгілері

Жедел ішек инфекциясы келесі белгілермен көрінеді:

  • Дене қызуының көтерілуі (38-40°C дейін)
  • Іш өту
  • Құсу
  • Іштің ауыруы, кебуі
  • Әлсіздік, тәбеттің жоғалуы
  • Қан немесе шырыш аралас іш өту (ауыр жағдайларда)

Қауіп неде?

Жедел ішек инфекциясы сусыздануға әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл – әсіресе кішкентай балалар үшін өте қауіпті жағдай. Уақытында ем қабылдамаса, баланың жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызуды қажет етуі мүмкін.

Алдын алу жолдары

  1. Жеміс-жидектерді міндетті түрде жуыңыз. Қауын мен қарбызды кесер алдында ыстық сумен жуып, таза пышақпен кесіңіз.
  2. Тағамдарды дұрыс сақтаңыз. Жазда тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтап, сақтау мерзіміне мән беріңіз.
  3. Балаларға қол жууды үйретіңіз. Тамақ ішер алдында және далада ойнап келген соң қолды сабындап жуу — инфекциядан қорғанудың тиімді жолы.
  4. Сапалы су ішіңіз. Тек қайнатылған немесе сүзілген суды пайдалану керек.

Жедел ішек инфекциясы — қауіпті, бірақ алдын алуға болатын дерт. Баланың денсаулығы — ата-ананың қолында. Сондықтан тазалықты сақтап, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру арқылы сіз балаңызды көптеген аурулардан қорғай аласыз.

А.Маукенова,

Алға аудандық ауруханасының бала дәрігері