Берік Асылов қазақстандық спортшыларды жасөспірімдер арасындағы спорттық атудан әлем чемпионатындағы табысты өнер көрсетуімен құттықтады
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстанның Ұлттық ату спорты федерациясының президенті Берік Асылов Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы спорттық атудан әлем чемпионатында табысты өнер көрсеткен қазақстандық спортшыларды құттықтады.
Әлем біріншілігінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жеке және командалық сайыстарда алтын және күміс медальдарға қол жеткізді.
Астана қаласының өкілі Асылым Жақия қыздар арасындағы «25m Standard Pistol» жаттығуында әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар әйелдер құрамасы «Трап» жаттығуында алтын медаль жеңіп алды. Команда құрамында Милана Папчихина, Элеонора Ибрагимова және Мария Горун өнер көрсетті. Элеонора Ибрагимова «Трап» жаттығуында жеке есепте күміс жүлдеге ие болса, шымкенттік Ринат Казаченко жасөспірімдер арасындағы «50m Rifle 3 Positions» жаттығуында күміс медаль жеңіп алды.
Берік Асылов жас спортшылардың жетістігі олардың табанды еңбегінің, бапкерлер құрамының кәсіби жұмысының және елімізде ату спортын жүйелі дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті. Ол спортшыларға Қазақстанның абыройын халықаралық аренада лайықты қорғағаны үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта жаңа жеңістер мен биік жетістіктер тіледі.
Жасөспірімдер арасындағы спорттық атудан әлем чемпионаты Германияда 16–26 маусым аралығында өтуде. Дүбірлі додаға әлемнің 63 елінен 778 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын еліміздің ең үздік 26 мергені қорғап жатыр.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі