Бестамақтағы спорттық бәсеке

Спорттық жарыстарды кәсіби мерекесінде дәстүрге айналдырған Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының қызметкерлері арасында «Көңілді мәре» деп аталған спорттық кездесу өтті. Күнделікті қызметінде ел денсаулығы мен қоғамдық қауіпсіздік үшін жауапкершілік арқалаған мамандар бұл жолы ақ халатты абзал жандар ретінде емес, спорт алаңында ептілік пен шапшаңдықты, ұйымшылдық пен жігерді сынға салған сайыскерлер ретінде бас қосты.

15 қыркүйек – санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлері күні қарсаңында бойдағы күшті жиып әкелген бұл жарыс Алға ауданына қарасты, Бестамақ ауылы аймағында орналасқан Спорт кешенінде ұйымдастырылды. Ашылу барысында Алға ауданы әкімінің міндетін атқарушы Болатбек Кангужин және Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Койшанова құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

  • 15 қыркүйек санитариялық-эпидемиологиялық қызметкерлер күнімен баршаңызды құттықтаймын! Бүгінде Алға аудандық басқармасы Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық мекеме қызметкерлерін спорт шарасында қарсы алып отыр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Есет батыр Көкіұлы сәйгүлігінің тұяғы батқан киелі мекенге қош келдіңіздер! Бұл жай ғана спорттық дода емес, ұжымдық ауызбіршілікті көрсететін, достықты нығайтатын, әр қызметкердің еңбегіне үлкен серпін беретін шара болмақ, – деді Болатбек Таңжарбайұлы.

«Көңілді мәре» спорт шарасына «Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті», «Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Ақтөбе облысы филиалы», «Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі және «Ақтөбе бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» командалары қатысты. Дүбірлі додада 5 мекеме бойынша әрбір топ 8 адамнан құралып, барлығы 40 қатысушы бақ сынасты. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала мамандары спорттан да кенде емес екендігін байқатты. «Көңілді мәре» сайысында командалар ұйымшылдықты, бір-бірін қолдауды, жеңіске деген жігерлі ұмтылыстарын көрсетті. Тартысты ойын қызықты сәттерге толды. Онда жай ғана кедергілерден түрлі әдістермен жүгіріп өту ғана емес, ұлттық ойындар арқан тартыс, ләңгі тебу де ойнатылды. Орта буындағы аға-апалар ләңгі ойынының қыр-сырына жетік болса, жастар жағы таңырқай қарап, тебе жөнелді. Осындай қызықты сәттерімен жарыстың құндылығы артты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған спорт шарасы қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Көңілді мәре» жарысында ерекше белсенділігімен көзге түскен «Ұлттық сараптама орталығының» «Жолбарыс» командасы I орын иеленсе, II орынды Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің «Тарлан» командасы, III орынды Ақтөбе көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының «Тұлпар» командасы жеңіп алды. Командаларға кубок және медальдар, сонымен қатар арнайы сыйлықтар табысталды.

«Ұлттық сараптама орталығының» команда басшысы Елеусізов Асылжан әсерімен бөлісті.

  • Ойын жақсы деңгейде өтті, көңіл-күйіміз керемет! Жеңіске жеткендіктен қуанышымызда шек жоқ. Төрешілер де әділ шешім шығарып отырды. Осындай достық пен бірлікті нығайтатын спорттық жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз. Тек спортта ғана емес, күнделікті жұмысымызда да жақсы жетістіктерге жете берейік!

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлері — қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары тұлғалар. Әртүрлі дерттің алдын алуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар еңбектерін салады. Осы саладағы мамандарға алғыс білдіре отырып, зор денсаулық, отбасыларыңа амандық, қызметтеріңізге абырой мен толағай табыс тілейміз!

Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ