Бірлікке ұйыған елге береке ұялайды
Биыл Тәуелсіз еліміздің айбынды Ата заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл – халқымыздың тарихи таңдауын айқындап, демократиялық мемлекет ретінде даму бағытын айшықтаған ұлы құжат. Әрбір азамат үшін Конституция – теңдік пен бостандықтың, әділдік пен тұрақтылықтың кепілі.
Алға ауданының Тоқмансай ауылында тұратын Сәндібек Тыныш Амангелдіұлы Конституция қабылданған жылы дүние есігін ашқан. Яғни, ол — Ата заңның құрдасы. Конституция сияқты ол да өмірінің 30 жылдық белесін еңсеріп, елдің ертеңіне адал еңбекпен үлес қосып жүрген жас. Қазіргі таңда ҚТЖ-да теміржолшы болып жұмыс істейтін Сәндібек – ауылына да, отбасына да сенімді тірек.
Оның жары – өзге ұлт өкілі Ракитина Кристина Геннадьевна ауылға сыйлы жан. Қазақы шаңыраққа келін болып түскелі бері тілін де, дәстүрін де қастерлеп, бар жан-тәнімен қазақы болмысқа сіңісіп кеткен. Қазақ тілінде сөйлеуді тек өзі ғана емес, төрт баласына да өмірлік қағида еткен. 2021 жылы «Атамекен» грантын жеңіп алып, ауылда сәндік қызмет көрсететін шағын кәсібін ашып, талай әйелге қуаныш сыйлады. Қазір декреттік демалыста болса да, кәсібін үй жағдайында жалғастырып отыр.
Бұл жас отбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында бірлікті айшықтайтын нақты көрініс. Конституция құрдасы Сәндібек пен өзге ұлттан болса да қазақ тілін, дәстүрін бойына сіңірген Кристина – еліміздің басты байлығы саналатын татулық пен үндестіктің айғағы. Олар көпұлтты Қазақстанның кішкентай бір бейнесіндей. Ең бастысы, Тыныш пен Кристина өмірін адал еңбекке, ұрпақ тәрбиесіне арнап, қоғамға пайдасын тигізіп келеді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы ұстанған қос жұп ауылдастарына қолғабыс жасап, игі іс жасаудан қалыс қалмайды.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында айтылар мұндай өнегелі отбасы – ел бірлігінің, достық пен татулықтың нағыз үлгісі. Тыныш пен Кристинаның өмір жолы – Қазақстандағы әр ұлт өкілінің ортақ шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, болашағын бірге құруының айғағы.
Мадина ТАЖИБЕКОВА