Биыл мектепке барған оқушылардың 71% қазақ сыныптарына қабылданған
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында айтты.
– Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек.
– Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат, – дейді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды.
Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп жатыр.
Президент қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу керектігін айтуда.
Жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазылатын болды.