Болмысы бөлек ұстаз
Мектебін жаны сүйеді.
Қарапайым мамандық –
Ұстаздық атты киелі.
Бойына жиған нұр ағын,
Білімнің жаққан шырағын.
Шәкіртімен көркейер,
Қастерлі тұлға – Мұғалім!
Ғабиден Қожахмет
«Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» — деген халқымызда нақыл сөз бар. Ұстаз болу, бар жан-тәнімен мамандығына беріле отырып шәкіртке білім беру және олардың жетістіктеріне марқайып қуанудан асқан бақыт жоқ шығар. Оқушының жадында әрдайым оның жүрегіне жол таба отырып, тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатқан, адамгершілік биігінен көріне білген ұстаз ғана сақталады. Олай болса, дәл осы айтылған қасиеттердің барлығын бойына жиған, шәкірт жүрегінен мәңгілік орын алған, сырлы сөздерімен жанды баураған ұлағатты ұстаз жайында айтпақпыз.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз — ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер, ардақты жан — Үмітжанов Молдабай. Ол 1947 жылы 16 мамырда Байғанин ауданының Доңызтау елді мекенінде дүниеге келген. 1962-1963 жылдары Кеңес үкіметі Доңызтау жерін әскери бөлімнің жеріне айналдырады да, тұрғындарын Оймауытқа көшіреді. Осылайша орталықтағы Оймауыт елді мекеніне көшіп келіп, 1966 жылы сол жерде орта мектепті бітіреді. Кейін екі жылдай совхозда шөп табу, қой қырқу сияқты түрлі жұмыстар жасап, алты айлық жүргізушілік курс оқып, жүргізуші болып қызмет етеді. 1969 жылы Ақтөбе педогогикалық институтына оқуға түседі. Оқуды бітірген соң 1973 жылы облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен Темір ауданына келіп, жаңадан ашылған Абай атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сол жерде тапжылмастан 25 жылдай еңбек етіп, кейін қазіргі мекені Алға қаласына көшіп келеді. Алғадағы қарашаңырақ атанып кеткен білім ошағы №3 Алға қазақ орта мектебіне жұмысқа орналасады. Бұл жерде зейнеткерлікке шыққанға дейін 13 жыл бойы математикадан дәріс береді.
Молдабай ағай зейнеткерлік жасқа жеткенше іргелі оқу орнының білім саласын дамытуға үлес қосады. Мұрынов Ордабай, Жиенкулова Алмажан, Кулжанова Әлия, Барсаева Жаңылсын, Қартбаева Бисенгүл, Латыпова Майра сынды ауданға аты мәлім математик ұстаздармен иық тірестіре қызмет етеді.
Ағаймен бірге еңбек еткен күндердің ерекшелігі жайлы Әлия апай былай деп еске алды:
- Үмітжанов Молдабай ағаймен осы №3 Алға қазақ орта мектебінде 1995 жылдан бері оның зейнеткерлікке шыққанына шейін бірге жұмыс жасадым. Ағай мықты математик болды. Ағайдың аты аталғанда есіме бірден сол кісінің әншілігі түседі. «Ақ бантик» әні Молдабай ағайдың төл әні болып қалады біз үшін. Ағай жауапкершілігі өте жоғары, белсенді, жан-жақты ұстаз. Өз ісінің нағыз шебері. Тазалық жұмыстарында, сенбіліктерде ағайдың алдыңғы қатарда жүретіні есімде қалыпты. Ағай зейнеткерлікке шыққаннан кейін де аудан мектептерінде мұғалім болып жұмыс жасады, оқушыларды ҰБТ-ға дайындады. Аудандағы абыройлы, беделді ұстаздарың бірі болып, мықты оқушылар дайындады, — деді Әлия Құлжанова.
Әлия апай атап өткендей, Молдабай ағайдың кезінде мықты оқушылары, бүгінде математика пәнінен сабақ беріп ұстаз атанып жүр. Олардың бірі-Өтесбаева Сандуғаш. Ол қазіргі таңда Алға мектеп-гимназиясының математика пән мұғалімі. Ол Молдабай ағайдың әр сабағын асыға күтетін сүйікті шәкірті болғанын айтады.
- Молдабай ағай оқушы тілінде сөйлей білетін ұстаз. Математика қанша жерден қиын пән болса да, күлдіре, қыздарым-қыздарым деп еркелете отырып түсіндіретін. Бүгінде осы мамандықты таңдап ұстаз атанып жүргеніміз сол кісінің, осы пәнге қызығушылығымызды арттырғанының арқасы деп білемін. Бүгінде біз жаңа технологияның түрлі тәсілдерінің бірі ретінде-оқушылар үшін сергіту сәтін ұйымдастыруды басты назарға аламыз. Молдабай ағай сол кездің өзінде әр сабақта оқушыларға 3-4 минут әдемі ән айтқызатын. Солай, үнемі есеп шығарта бермей, бір жағынан бойымызды сергітіп, бір жағынан қазақ әндерінің біздің жанымызға жақын болуына әсер еткен сияқты. Ұлылықтың басында ұстаз тұрар мәңгілік дегендей, көркем мінезді, білімді, ұлылыққа лайық тұлға! Алғысым шексіз!,- деді Молдабай ағайдың шәкірті.
Шәкірттерін ыстық ықыласына бөлей білген Молдабай ағай ардақты ұстаз ғана емес, отбасының тірегі, асқар тау әкесі, бүгінде бірнеше немеренің сүйікті атасы болып отырған жан. 54 жылдай отасқан жұбайы Алзия екеуі 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырған бақытты жанұя иелері. Бірі ұстаз, бірі ақ халатты абзал жан атанып еңбек етіп, қол ұстасып кешкен күнінің жемісі — бүгінгі ұрпақтың ортасындағы батасын беріп, маңдайынан сүйіп отырған мағыналы ғұмыры. Адам өмірінің мәні де осында. Дүниеге келген әрбір адам айналасына тек нұрын шашып, бойындағы бар жақсы қасиеттерін көрсетіп, білімін, үлгі-өнегесін дарытса, нағыз адамшылықтың белгісі болмақ. Молдабай ағай секілді ғұмырын шәкірт санасына сәуле түсіре отырып білім, сонымен бірге тәлім беретін ұстаздар қатары көбейсе деген тілек бар. Өз мамандығын шынайы сүйе білген, бар ынты-ықыласын оқытуға арнаған, шәкіртінің өзінен асып түскенін қалайтын асыл ұстазға деген құрмет әрдайым бөлек. Қаншама жылдар өтсе де сол ұстазының әрбір әрекеті, қылығы жадында мәңгі сақталып, сағынышпен, қуанышпен еске алып отырады.
Мәуелі бәйтеректей ұрпағыңызбен мың жасап, шәкірттеріңіздің алғысымен төрге өрлей беріңіз, Ардақты Ұстаз! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, әдемі қарттық шақ тілейміз!
Мөлдір Орынбай,
№3 Алға қазақ орта мектебінің
8 «А» класс оқушысы