Цифрлық жүйе – әлеуметтік қолдаудың жаңа бағыты

 

Цифрлық технологиялар дәуірінде әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту – уақыт талабы. Алға ауданында алғаш рет FSM Social платформасын енгізуге арналған оқыту-семинар өтіп, бұл бастама ел көлемінде жүзеге асатын жаңа цифрлық жобаның аймақтық тұсаукесері болды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес өткен семинар аясында сала мамандары жаңа жүйемен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін меңгеріп, практикалық машықтарын шыңдады. Бұл – әлеуметтік қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.

Бүгінгі күні қоғамның басты талабы – әлеуметтік қолдаудың сапалы әрі уақытылы көрсетілуі. Бұл бағытта елімізде ауқымды жұмыстар қолға алынып, жаңа цифрлық мүмкіндіктер жүйелі түрде енгізілуде. Осы ретте 2025 жылғы 14 мамырдағы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысындағы алғашқы оқыту-семинар Алға ауданында ұйымдастырылды. Бұл – FSM Social цифрлық платформасын енгізу арқылы әлеуметтік көмекті тиімді үйлестіруге бағытталған тың бастаманың алғашқы нақты қадамы.

Аудандық семинардың негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау, нақты дерек негізінде қолдау көрсету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды цифрлық жүйе арқылы оңтайландыру.

Семинар барысында қатысушылар:

  • FSM Social мобильді қосымшасымен жұмыс жасауды;
  • Жеке даму жоспарын (ИПР) құру және бекіту алгоритмін;
  • Мобильді топтардың үйлесімді әрекет ету жолдарын меңгерді.

Практикалық бөлімде нақты кейстер арқылы қиын жағдайдағы отбасыларды дер кезінде анықтау, қажетті қолдау шараларын жүйе арқылы жоспарлау және бақылау тәсілдері пысықталды.

Іс-шараға қатысқан мәртебелі мамандар: FSM Social платформасының ресми өкілі, бағдарламалық жасақтаманың әзірлеушісі — Орашев Әділет Бақтыбайұлы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның жетекші сарапшысы — Ташенбаев Асқар Ілесбайұлы, Ақпараттық жүйелер департаментінің көші-қон бағыты бойынша бас сарапшысы — Жоламан Жазира, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсенің» пул сарапшысы, Мұғалжар аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры – Султанова Салтанат Сапарналиевна.

Семинарға аудан әкімдігі, ішкі істер бөлімінің өкілдері, пробация қызметі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Мансап орталығы, білім беру саласы және денсаулық сақтау ұйымдары, ауылдық округ әкімдері мен бас мамандары, әлеуметтік педагогтар, медбикелер және мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Аудиторияның ауқымдылығына байланысты семинар №4 Алға орта мектебі мен Алға мектеп-гимназиясының базасында екі топқа бөлініп өткізілді.

Семинар соңында жұмыс тобы Алға аудандық «Жадыра» отбасын қолдау орталығына барып, тәжірибе алмасу мақсатында кездесу өткізді.

Оқыту-семинар нәтижесінде FSM Social платформасы арқылы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, отбасыларға кешенді әрі нақты көмек көрсетуге негіз қаланды. Бұл бастама – тек Алға ауданы үшін ғана емес, жалпы Ақтөбе облысы үшін цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне бастар жол.

Басты мақсат – әр отбасы назардан тыс қалмасын!

FSM Social платформасы – қиын жағдайға тап болған азаматты тек тізім ретінде емес, тағдыр иесі ретінде қарап, нақты көмек көрсетуге бағытталған жүйелі шешім. Цифрлық бақылау – адами қамқорлықпен ұштасқанда ғана нағыз нәтижеге қол жеткізуге болады.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА