Даңқты батыр ізімен

Адам баласына есімді қоюда ата-бабамыз ежелден-ақ бей-жай қарамаған. Есімнің баланың келешегіне әсер ететіндігін бағамдай отырып, бала дүние есігін ашпастан бұрын алдын-ала мағыналы, жақсы есімдер қоюға тырысқан. Сол сияқты өңірімізден шыққан мерген, өжет батыр апамыз Әлия Молдағұлованың құрметіне, осы батыр қыздай болсын деген ниетпен қойылғанАлға ауданындағы «Әлия» есімді аруларға тоқталуды жөн көрдік.  

Оның бірі – Алға ауданы, Тоқмансай ауылдық округінің тұрғыны, Тоқмансай негізгі мектебі, химия-биология пәнінің мұғалімі, «Күміс алқа» иегері Әлия Жакудина. Ол 1986 жылы 6 тамызда Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуы бойынша есімін атасы Нағашығали қойып, тегін өзінің соғыста хабарсыз жоғалып кеткен Жакуда деген немере ағасының атына жазғызған екен. Ол кісіден артында ұрпақ қалмаған соң, аты өшпесін деп екі немересін сол кісінің атына жазған деседі. Әлия 1992-2003 жылдары Бәймен Алманов атындағы қазақ орта мектебін үздік қызыл аттестатпен тәмамдап, 2003-2007 жылдар аралығында Ақтөбе педагогикалық институтын грантпен оқып аяқтаған. Жоғары оқу орнын бітіріп, 2007 жылы Тоқмансай негізгі мектебіне химия-биология пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналасады.  Осы ауылдан өмірлік жарын жолықтырып, тұрмыс құрады. Бүгінде 6 баланың анасы атанып, отбасының ұйытқысы болып отырған жайы бар. Аталмыш мектепте 18 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Оқушыларды олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатыстырып, жүлделі орындар да алып жүрген ізденімпаз маман. Әлия бос уақытында балаларына дәмді ас, тәттілер дайындап бергенді ұнататын да айтып өтті. Мектепте оқып жүрген кезінде ауылдың кітапханасының тең жартысын оқып тауысқанын да жеткізді. Ал қазіргі уақытта көп жағдайда күнделікті күйбең тірліктен және жұмыстан кітап оқуға қолы тие бермейді деген болатын.

Келесі «Әлия» есімді аруымыз — №3 Алға қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы, жас спортшы, таэквандодан спорт шебері Әлия Бегім. Бойына бар өнерді жиып алған Әлия 2009 жылдың 19 желтоқсанында Алға қаласында дүниеге келген. Ару қыз кішкентай кезінен өнерге, білімге құштар боп өседі. Би жанры бойынша талай халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда топ жарып, жұртты таң қалдырған. Үйірмелерге қатысумен қатар, сабағын да өте жақсы оқып, жетістіктерге жеткен. Бала кезінен мінезі ашық, тез тіл табысқыш, елгезек, ата-анасының, жақындарының сүйкімді қызы болып өсіп келеді. Әлияның есімін әкесінің туған қарындасы Әлия Молдағұловадай атағы жер жарған, өмірден өз орнын табатын батыл қыз болсын деген ниетпен қойған. Осындай талайды мергендігімен, қайсарлығымен таң қалдырған батыр қыздың ізін жалғастырып, Бегім Әлияда биік белестерді бағындыруда. Әлия үйінің үлкені, ата-анасының үкілеген үміті, жарық жұлдызы, соңынан ерген екі бауырының үлгі тұтар әпкесі.

Даңқты батыр Әлия апамыздың есімін абыроймен алып жүрген қазақ қыздары жасасын демекпіз! Алар асуларыңыз көп болсын!

Марал САНДЫБАЙ