ЕАЭО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру өзекті – Қасым-Жомарт Тоқаев
АСТАНА.KAZINFORM — ЕАЭО-ның әлемдік сын-қатерлерге төтеп беретін әлеуетін күшейту керек. Бұл туралы бүгін елордадағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Президент бұл күндері Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысымен қатар, Еуразиялық экономикалық форум да өтіп жатқанын еске салды. Осы орайда форумның нәтижелері көпжақты іскерлік серіктестікке жаңа серпін беретініне сенім артты.
— Еуразиялық экономикалық одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Болжамдарға сәйкес, 2026-2027 жылдары ЕАЭО мемлекеттерінің жиынтық жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны шамамен 2,5% болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент жаһандық нарықтардағы құбылмалы жағдайға қарамастан былтыр ЕАЭО елдері арасында тауар айналымы 95 млрд доллардан асқанын айтты.
Мемлекет басшысы қазір халықаралық ұйымдардың жаһандық нарық жағдайына берген бағалауы көңіл көншітпейтінін айтты. Халықаралық валюта қорының есебіне сәйкес, биыл әлемдік экономикадағы өсу болжамы 3%-ға дейін төмендетіліп түзетілген.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы әлемдік құрылымдық өзгерістер ЕАЭО-ның экономикалық қарқынына әсер етпей қоймайтынын атап өтті. Осындай жағдайда ЕАЭО-ны жаңа жағдайға бейімдеу, оның ішкі тұрақтылығын нығайту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері ерекше өзекті болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды.