Еңбекпен өрілген болашақ
Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты нағыз еңбекқорлыққа тәрбиелейміз. Бұл мамандық иелерінің қоғамға қаншалықты пайда тигізіп жатқаны көп жағдайларда еленбей қалып жататыны да рас. Мемлекет басшысының биылғы жылды осы мамандық иелерінің жылы деп белгілеуі де тегін емес. Жыл бойы маңызы зор іс-шаралар өткізіліп, нәтижелерге қол жеткізіледі деген ойдамыз. 2025 жылдың 15 қаңтары күні №3 Алға қазақ орта мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Еңбегі адал жас өрен» жобасының жоспарына сәйкес және 2025 жыл — жұмысшы мамандықтар жылы аясында 10-11 класс оқушыларына арналған «Еңбекпен өрілген болашақ» атты жұмысшы мамандық иелерімен кездесу өткізілді.
Аталмыш шараға ЖШС ТОО «Энергосистема» Алға электро жүйесі бөлімшесінің басшысы Кульнязов Жандос Берікұлы, жұмысшы қызметкерлер Алтынбек Муканов, Бекзат Байдуллаев, Нұрдаулет Абдуллаев, «Алға-Жылу» коммуналдық кәсіпорынының бас инженері Толқынбаев Нұрлан Қуанышбайұлы, Бу қазандығының басшысы Байденов Нұрлан Жұмағалиұлы, Алға аудандық білім бөлімінің әдіскері Мыңжасарова Алия Есенжоловна қатысты. Кешті №3 Алға қазақ орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Жазира Алибекова жүргізді. Кеш барысында қонақтарға жастар жақсы маман болуы үшін не істеу керек деген сұраққа «Алға-Жылу» коммуналдық кәсіпорынының бас инженері Нұрлан Қуанышбайұлы:
- Жалпы әрбір адам ата-анасының, отбасының, ұжымының алдында жауакершілікті сезіну керек деп ойлаймын. Сонымен қатар басты рөлде тәртіп болуы қажет. Тәртіп болмаған жерде нәтижелі жұмыс та болмайды. Сол себепті біздерге жұмыс жасауға келетін жас мамандардың алдымен тәртібіне мән беріледі. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп халық қаһарманы, батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, біздің мекемеде тәртіп басты орында. Себебі, біз халыққа қызмет етеміз, жұмыс барысында түрлі ситуациялар орын алып жатады. Сондай уақыттарда шапшаңдықпен мәселенің оңай шешілуіне қадам жасаған дұрыс деп есептеймін, — деп жауап берді.
Маңызы зор шарада оқушылар жалпы жұмысшы мамандық иелерінің күнделікті атқарып жүрген жұмыстарының оңай емес екендігін, үлкен табандылықты, ептілікті, шыдамдылықты қажет ететіндігін түсіне білді.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ