Ерекше жандарға құрмет көрсетілді

 10 қазан — Мүгедектер күніне орай Алға ауданында ерекше жандарға құрмет көрсетілді. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен зағип жандарға арнайы ақ дастархан жайылып, мерекелік шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Таңжарбайұлы қатысып, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, қоғамдық шараларға белсене араласып жүрген бірқатар жергілікті кәсіпкерлерге аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.

Ерекше көңіл бөлу мақсатында ұйымдастырылған бұл мерекелік жиынға бірқатар мүгедектігі бар жандар қатысты. Олардың қатарында ата-аналарымен келген балалар мен ересек адамдар болды. Жалпы, бүгінде ауданда 1400 мүгедектігі бар азамат тұрады, олардың барлығына қажетті қолдау көрсетіліп, жағдайлары толығымен қамтамасыз етілуде.

Бүгінде Алға ауданында екі мүгедектер қоғамы жұмыс істейді. Олардың бірі Алға аудандық мүгедектер қоғамы, екіншісі «Үміт» мүгедектер қоғамы. Бұл ұйымдар мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында еңбек етуде. Әрбір қоғам мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік, экономикалық, және мәдени өмірге араласуына жәрдемдесіп, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарады.

Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, би билеп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Мәншүк САПАРОВА