Гауһар Қуатқызы: Конституциялық сот рөлінің артуы құқық үстемдігін нығайтады

 

Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін кезеңдік жаңғыртудан институционалдық тұрғыдан орнықты даму логикасына көшіруді көздейді. Ұсынылып отырған өзгерістердің басты ерекшелігі – жекелеген билік институттарының өкілеттігін кеңейту емес, мемлекеттік басқарудың ұзақмерзімді тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге бағытталуы. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Гауһар Қуатқызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Гауһар Қуатқызы: Конституциялық сот рөлінің артуы құқық үстемдігін нығайтады

«Жаңартылған преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы мен егемендігі негізгі конституциялық құндылықтар ретінде айқындалады. Бұл ел дамуының тұрақты негізін қалыптастырып, құқықтық және саяси белгісіздік тәуекелдерін азайтады», дейді Гауһар Қуатқызы.

Оның айтуынша, адам капиталына, білім мен ғылымға, сондай-ақ экологияға басымдық берілуі Қазақстанның ресурстық модельден сапалық өсімге негізделген даму моделіне көшу ниетін көрсетеді. Бұл бағыт ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық негізін қалыптастырады.

География және табиғатты пайдалану факультетінің картография және геоинформатика кафедрасының аға оқытушысы басқару нысанының президенттік республика ретінде нақты айқындалуы мен конституциялық құрылыстың өзгермейтін негіздерінің бекітілуі құқықтық айқындықты күшейтетінін атап өтті.

«Бұл нормалар инвестициялық ортаның тұрақтылығына оң әсер етіп, экономикалық шешімдер қабылдауда болжамдылықты қамтамасыз етеді», дейді ол.

Сонымен қатар жекелеген өңірлерде арнайы құқықтық режимдер енгізу мүмкіндігі аймақтық дамуда икемді басқару тетіктерін қалыптастырып, әлеуметтік-экономикалық теңгерімсіздікті азайтуға жағдай жасайды.

Жанар Аманжанқызы: Жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық дамуындағы жаңа парадигма

Халықтың мемлекеттік биліктің бастауы ғана емес, егемендіктің жалғыз иесі ретінде конституциялық деңгейде бекітілуі биліктің легитимділігін арттырады.

«Бұл норма мемлекеттік органдардың дербес субъект емес, халық атынан және Конституция шеңберінде әрекет ететінін құқықтық тұрғыдан нақтылайды», деп түсіндірді Гауһар Қуатқызы.

Негізгі құқықтар мен бостандықтар бөлімі қазіргі цифрлық және әлеуметтік өзгерістерге бейімделген. Жеке өмірге, дербес деректерге және қаржылық ақпаратқа берілетін кепілдіктердің күшеюі азаматтардың мемлекетке және қаржы жүйесіне деген сенімін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ еңбек ету құқығы мен экологиялық міндеттердің конституциялық деңгейде бекітілуі әлеуметтік әділеттілік пен орнықты дамудың құқықтық негізін қалыптастырады.

Жаңа Ата заңның жобасы: Конституцияға өзгеріс енгізу тек бүкілхалықтық референдум арқылы мүмкін болады

Билік жүйесіндегі институционалдық өзгерістер басқару тиімділігін арттыруды көздейді. Бірпалаталы Құрылтай заң шығару процесінің сапасын көтеріп, саяси партиялардың институционалдық жауапкершілігін күшейтсе, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық диалогты тұрақты негізде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Вице-президент институтының енгізілуі және билік сабақтастығының нақты құқықтық реттелуі саяси тұрақтылықты нығайтып, өтпелі кезеңдердегі тәуекелдерді төмендетеді. Ал Конституциялық Соттың рөлінің артуы құқық үстемдігін қамтамасыз етіп, құқық қолдану тәжірибесінің болжамдылығын арттырады», дейді сарапшы.

Гауһар Қуатқызының пікірінше, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның дамуына институционалдық сапаға, билік жауапкершілігіне және ұзақ мерзімді өсім факторларына негізделген құқықтық алаң қалыптастыруды мақсат етеді. Бұл өзгерістер мемлекеттің орнықтылығы мен қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағалануы тиіс.