Интернет кітапты алмастыра ала ма?
№1 Алға мектеп-бақшасында қысқы демалыс кезінде оқушылар арасында «Интернет кітапты алмастыра ала ма?» айдарымен қызықты әрі мағыналы шара ұйымдастырылды. Жастардың белсенді қатысуымен өткен дөңгелек үстелдің мақсаты – ғаламтордың пайдасы мен зиянына тоқталып, кітаптың рухани құндылығын ұғындыру, сонымен қатар, оқушыларды өз пікірін ашық әрі нақты жеткізуге тәрбиелеу болды.
Шара барысында пікірталасқа қатысушылар ғаламтор мен кітаптың рөлі төңірегінде ойларын ортаға салды. Бірі интернеттің жылдам ақпарат жеткізу мүмкіндігі мен қолжетімділігіне баса назар аударса, енді бірі кітаптың адам санасын тереңдетіп, рухани байытатынын атап өтті.
Оқушылардың пікірінше, интернет – заманауи ақпарат көзі, ол жылдам, әрі ыңғайлы. Дегенмен кітап – білім мен тәрбиенің қайнар бұлағы екенін жоққа шығармады.
Дөңгелек үстел оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, білім мен ақпаратқа деген көзқарастарын қайта саралауға мүмкіндік берді. Мұндай шаралар жас ұрпақты білімге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, олардың болашаққа деген сенімін арттыратыны сөзсіз.
Акция
Қыста кітап оқып, жадымызда сақтаймыз!
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында №4 Алға орта мектебінде «Қыста кітап оқимыз, жадымызда сақтаймыз» атты акция ұйымдастырылды. Оқушылардың қысқы демалысын тиімді өткізуге ықпал етіп, олардың дүниетанымын кеңейтуге бағытталған акцияға бастауыш буын мен 5 сынып оқушылары белсене қатысты. Жас оқырмандар оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісті. Олар шығармалардың басты кейіпкерлері мен қызықты оқиғалары жайлы әңгімелеп, өзгелерді де кітап оқуға ынталандырды.
«Кітап – білімнің қайнар көзі» деген түсінікті бекіте түскендей, жас оқырмандар кітаппен шынайы дос екендерін дәлелдеді. Шараның жылы атмосферасы балалардың оқуға деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дамуына үлес қосты. Бұл акция кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған тамаша бастама болды.
***
Қысқы демалыс кезінде №1 Алға мектеп-бақшасының оқушылары, дәлірек айтсақ, 7 «ә» сынып оқушылары«Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» акциясына белсене атсалысты. Шара танымды, әрі қызықты болды. Оқушылар кітап оқу арқылы сөздік қорын байытып, шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуда. Олар өздері оқыған кітаптарын ортаға салып, қызықты әрі пайдалы біліммен бөлісті.
Бұл шара балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, демалыс уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге септігін тигізді.
***
Қарақұдық орта мектебінде қысқы каникул уақытында оқушылардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында «Қыста кітап оқимыз, жадымызда тоқимыз» атты челлендж ұйымдастырылды. Шара барысында оқушылар оқыған кітаптарымен бөлісіп, кітап оқудың маңыздылығын көрсетті.
Гаджеттер үстемдік еткен заманда кітапқа деген қызығушылықты сақтау – маңызды қадам. Бұл челлендж балаларды білімге, рухани байлыққа жетелеп, кітаппен дос болуға шақырған игі бастама болды.
***
№3 Алға қазақ орта мектебінің оқушылары да бос уақыттарын тиімді өткізуде
Қысқы демалыс – тек демалу уақыты емес, сонымен қатар, білімді тереңдетіп, ой-өрісін кеңейтуге таптырмас мүмкіндік. Осы орайда, №3 Алға қазақ орта мектебінің оқушылары үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген. Соның бірі – «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» тақырыбында өткен челлендж.
1 «Ә» сынып оқушысы Нажмединова Саида қысқы демалыс күндерін қызықты әрі пайдалы өткізу үшін І.Мамбетов атындағы балалар кітапханасына барып, әсем ертегілер әлеміне саяхат жасады. Саиданың айтуынша, кітаптан оқыған әрбір ертегі оның қиялын ұштап, жаңа идеяларға шабыт берген.
Бұдан бөлек, 5-сынып оқушылары да демалыс уақыттарын кітап оқуға арнап, өздеріне ұнаған шығармаларды таңдап алды. Олар әдеби кейіпкерлермен бірге өмірдің құпияларына үңіліп, жаңа біліммен сусындап жатыр.
«Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыру, олардың бос уақытын пайдалы әрі мағыналы өткізуіне ықпал ету», – деді мектеп әкімшілігі.
Әдеби жоба тек кітап оқуға шақырып қана қоймай, оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, логикалық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Мектеп кітапханашылары мен І.Мамбетов атындағы балалар кітапханасының қызметкерлері балалардың қызығушылығын оятып, оларға қызықты әрі танымдық әдебиеттер ұсынуда.
Қысқы демалыстың осындай игі бастамалармен толы болуы – білім ордасының ұстаздары мен кітапхана қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесі. Балалар үшін бұл демалыс рухани серпіліс пен жаңалыққа толы кезеңге айналатыны сөзсіз.
Кітап – ой серігі, білім кілті. Демалысты пайдалы өткізген оқушылар – ертеңгі білімді ұрпақтың кепілі.
Гүлім КЕНЕШОВА