Ізгі дәстүрлер ұрпақтар сабақтастығын нығайтады

Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясының «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі Ақтөбе облысында да өтті. Іс-шара ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қолдауға, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Өңірлік фестивальді партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты ұйымдастырды. Іс-шараға «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері, №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қариялары қатысты.
Іс-шара барысында өнерпаздар мерекелік бағдарлама ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының кәсіби психологтары аға буын өкілдеріне арнап арнайы тренингтер өткізді. Сонымен қатар балалар мен қарияларға мерекелік сыйлықтар табысталып, ізгі тілектер айтылды.
Мерекелік шарада құттықтау сөз сөйлеген «Әділет» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Қазыбек Әлішев аға буынның жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі, олардың бойына адами құндылықтарды сіңірудегі рөліне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аға буынның жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі, олардың бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңірудегі рөлін үнемі айтып келеді. Бүгінгі фестиваль осы ұстаныммен толық үндеседі. Ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Мұндай шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы өзара сыйластық пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді, – деді ол.
Мерекелік шарада облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Күлшат Масалимова және қалалық мәслихат депутаттары да сөз сөйледі.

Айта кету керек, фестивальдің негізгі идеясы «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтармен де сабақтас. Атап айтқанда, «Адами әлеуетке басымдық беру», «Әлеуметтік ынтымақ және атаулы қолдау», «Жаңа мәдениетті қалыптастыру және ұлт болып ұйысу» бағыттары аясында ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беріледі.