23 сәуір — Ұлттық кітап және кітапханашылар күні

 Кітап – руханият шамшырағы

 Алға ауданында руханият пен парасат мерекесіне айналған Ұлттық кітап және кітапханашылар күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тағылымы мол шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бауыржан Жаналин, аудан кітапханашылары, кітап сүйер қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аудан кітапханаларының тұрақты оқырмандары қатысты.

Мерекелік кештің шымылдығы аудандық мәдениет саласы өнерпаздарының әсем әні мен күмбірлеген күйімен ашылды. Мың бұралған бишілердің көркем қимылы салтанатты жиынның сәнін кіргізіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Болатбек Таңжарбайұлына берілді. Ол өз сөзінде кітап пен кітапхананың қоғам өміріндегі айрықша орнына тоқталып, ел руханиятына қызмет етіп жүрген сала мамандарына алғысын білдірді. Сонымен қатар кітапхана ісінің дамуына үлес қосқан бірқатар мамандарды «Алғыс хатпен» марапаттады.

Шара барысында сала ардагерлеріне де айрықша құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. Ардагерлер атынан сөз сөйлеген Көздібаева Айсұлу Тәженқызы әріптестерін және барша кітап сүйер қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Келесі кезекте құттықтау сөз «AMANAT» партиясы Алға аудандық филиалына қарасты «Алға-Жылу» бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлжахан Сағынбайқызы Махамбетоваға берілді. Ол кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, ұйым атынан сый-құрмет көрсетті.

Мазмұнды шара барысында кітапхананың жас оқырмандары қазақтың ұлы ақын-жазушыларының шығармаларын мәнерлеп оқыды. Солардың ішінде В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің 4 «Б» сынып оқушысы Нұртас Бекторғанбектің Мұхтар Шахановтың «Жігерлендіру» өлеңін тебіреніспен орындауы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңында тұрақты оқырмандарға сөз берілді. Алға аудандық музейінің қызметкері Қаламқас Ұзақбаева, №4 Алға қазақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Алмат Оразбаев және ардагер журналист Шара Елеусіз кітап оқу мәдениетінің маңызына тоқталып, қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан үзінділер оқыды.

Тағылымды басқосу кітаптың – ұлт қазынасы, ал кітапханашының – сол қазынаны халықпен қауыштыратын руханият жанашыры екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне арналған мереке алғалықтардың жүрегінде жарқын әсер қалдырды десек те артық айтпаспыз.

Мадина ТАЖИБЕКОВА