Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішевтің жұмыс сапары Алға ауданына қарасты Тамды ауылда басталды. Тұрғындармен кездесу барысында халық қалаулысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды да баяндап кетті.
- 2023 жылы көптеген заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазірдің өзінде мемлекеттік сатып алу заңы қарастырылуда. Енгізілетін бірқатар өзгерістер бойынша да ұсыныстар жолданды. Өйткені, мемлекеттік сатып алу заңы төңірегінде олқылықтар көп. Салдарынан көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар аяқсыз қалып жатыр. Заңдарға енгізіліп жатқан өзгерістер бойынша айта кетейін, биылғы жылдан бастап еліміздің Парламент Мәжілісінде қабылданатын заңдардың барлығы тек мемлекеттік тілде ғана мақұлданатын болады, — деді Қазыбек Құрманғалиұлы.
Тұрғындармен кездесуден кейін депутат Тамды ауылындағы «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесіп, өнімдерімен танысты.
Тамды ауылындағы кездесуден кейін халық қалаулысы алғалықтармен кездесті. Алға аудандық мәдениет үйінде қоғам белсенділері, аудандық мәслихат депутаттары, ауылшаруашылық саласының өкілдері жиналды. Мәжіліс депутаты ауылшаруашылық саласына қатысты бірқатар мәселелерді баяндады.
Сонымен бірге «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясындағы «Жол картасына» енгізілген аудандық ауруханасының жөндеу жұмыстары және перзентхана бөлімінде өткен күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Қазыбек Әлішев ауданымыздағы құрылыс жұмыстарымен танысып, бірқатар мәселелерді талқылады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты тұрғындардың ұсыныс тілектерін назарға алып, сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешімін табуға ықпал ететіндігін айтты.
Мәншүк Сапарова