Медицина мамандарын қолдау бағдарламасын әзірлеу керек — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шарада білікті маман тапшылығын жою, оларды қолдау бағдарламасын әзірлеу мәселесін көтерді.

— Әйтсе де, ең заманауи ауруханалар мен озық құрал-жабдық — жұмыстың басы ғана екенін түсінгеніміз абзал. Негізгі мәселе — білікті маман тапшылығын жою, мұның зардабын әсіресе ауылдық жерлер тартып отыр. Бұл үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Олар үшін лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер болуы тиіс.
Сондай-ақ, медициналық білім беру жүйесін дәйекті түрде жаңғыртудың ел болашағы мен ұлт саулығын сақтаудағы стратегиялық мәні зор.
— Салалық жоғары оқу орындары бұрынғыдай дәстүрлі білім беру мекемесі емес, іргелі ғылым мен жоғары технологиялар орталығы ретінде жаңғыра бастағаны қуантады. Білім беру үдерісі жетілдіріліп, клиникалық оқыту тәсілдері кеңеюде. Интернатура кәсіби даярлықтың толық кезеңіне айналады. Енді оны тәмамдаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кіріседі. Жаңа буын мамандарын әзірлейтін ұстаханаға айналған еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген.
Жаңа Конституцияда «ұлт саулығы» ұғымына алғаш рет назар аударылды.
Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы да пікір білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді.
Биылдың өзінде медицина мамандарының жалақысын өсіруге 33 миллиард теңге бөлінген.