Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді түбегейлі реформалауды тапсырды

Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы ұжымға жаңа Қорғаныс министрін таныстырды. Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау мәселесіне тоқталды. Президент армияда цифрлық трансформация жүргізіп, мүмкіндігінше адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.

«Жақында Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери салада атқарылатын басым міндеттерді айқындадым. Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау. Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес», деді Мемлекет басшысы.

Президент Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктеді. Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету екендігін атап өткен Мемлекет басшысы бөлінген қаржы елдің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталып, нақты нәтиже беруі тиістігін айтты.

«Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөніндегі арнайы жоспар әзірлеуге тиістігін айтты.

Мемлекет басшысы әскери кадрларды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізудің маңызын атап өтті.

«Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс», деді Президент.

Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеологиялық және тәрбие жұмысын күшейту. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыс Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес жүргізілуі керектігін айтты. Сонымен қатар әлемнің әскери тарихын, қазақ халқының және басқа елдердің озық рухани-мәдени жетістіктерін кеңінен дәріптеу қажеттігін атап өтті.

Президент армия кәсіби даярлық пен білімді шыңдап, отаншылдыққа тәрбиелейтін мектеп болуы керегін айтып, әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігі басты орында тұруы керектігіне баса мән берді.

«Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент бұқаралық ақпарат құралдары әскери қызмет, әсіресе басшылықтың жоғары бағасы мен қолдауына ие болған әскери қызметшілер туралы объективті ақпарат таратуы қажет екенін айтты.

Жоғарғы Бас Қолбасшы нақты әрі түсінікті, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформалау жоспарын әзірлеу маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы құжатты көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдыруға болмайтындығын айтты.

Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады. Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына әскерді реформалау үдерісін үйлестіруді тапсырды.

Айта кетейік, Каспий теңізіндегі 14 әскери қызметшінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.