Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз, — деді Президент.