Мұғалжар мәдениеті Алға қаласында

Өткен жұма күні Алға қаласының 65 жылдық мерейтойы аясында Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Өнер керуені» деп аталатын ашық аспан астындағы Мұғалжар ауданы өнерпаздарының мерекелік концерті өтті.

 Өткен ғасырдың сал-серілеріндей жасанып келген әншілер, әрбір көңілге әннен әуез дарытып, мың бұралған бишілер жанға жылу сыйлады. Алға қаласының тұрғындары Мұғалжар өнерпаздарын жақсы көңіл-күймен қарсы алып, өнерлеріне шын қуанды. Орталық алаңға жиналған халықтың

қуанышында шек болмай, жанға жағымды әуендердің ырғағымен би бел көңіл көтерді.  Сонымен қоса Мұғалжар елінің әдеби тартуы бар еді. Ол — киіз үй ішінде құрылған «Мұғалжар — туған байтағым» атты кітап көрмесі. Мұғалжар аудандық орталық кітапханасының кітап қоры негізінде ұйымдастырылып жасақталған. Ақтөбе облысы бойынша ең үлкен аудандардың бірі — Мұғалжар ауданы. Тарихы терең, талай ұлы адамдарды дүниеге әкелген өңірдің бір ғана бөлігі кітап көрмесінде көрініс тапты.  Мұғалжар өлкесінің тарихы мен энциклопедиясы, танымал ақын — жазушылардың, батырлар мен ғалымдардың шығармалары топтастырылған.  Олардың қатарында 1941 – 1945 жылы Ұлы Отан Соғысына қатысқан мұғалжарлықтар туралы «Өшпес даңқ» естелік кітабы, Жиенғали Тілепбергенұлының «Таңбалылар» повесі,  Аманкелді Шунимов «Қалмаққырған» — Мұғалжар ауданындағы Қалмаққырған мекеніне байналысты аңыз-әңгімелер, әртүрлі ақпараттар жинақталған құнды кітаптар бар. Сонымен қатар ақын-жазушылардың, сазгерлердің жолын жалғаған жас буын өкілдерінің де кітаптары қойылған.

«Жемнің ғой ел жайлаған жағасына,

Мұғалжардың орны бөлек Алашыма.

Жұбановтарды туғызған киелі өңір,

Қадірлі әр қазақтың баласына» -деп, көркем өлең жолдарымен көрменің екінші бөлігіне зер салдық. Қазақтың көрнекті композиторы, тұңғыш дирижер, музыкатанушы, академик — Ахмет Жұбановтың (1906-1968) туғанына 120 жыл толуына орай  «Жұбановтар әулетіне» арналған шығармалар жинақталса, киіз үй сыртында Ахмет Жұбановтың өмір жолынан сурет галереясы қойылған.  Мұғалжар ауданында Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында  «Саз аспаптар ансамблі» фестивалі өткен. Бүкіл Қазақстанға әйгілі Жұбановтар әулеті осы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Құдайберген Жұбанов — қазақ тіл білімінің негізін қалаған, қазақтың тұңғыш филология ғылымының кандидаты, қоғам және мәдениет қайраткері. Ғалымның өзі жазған еңбектерінен бастап, ол кісілер туралы жазылған еңбектер, Ахмет Жұбановтың шығармашылығы, ұрпақтары Ғазиза Жұбанова, Муслим Жұбанованың еңбектері Алға жұртшылығына таныстырылды.

Мұғалжар орталық кітапханасының тағы бір ерекшелігі «Мобильді кітапхана», өлкетану бағытындағы кітаптар жүйесін көрермендер назарына ұсынуы болды. Бұл кітаптардың сандық форматта, электронды нұсқада енген түрі  QR қосымшасы арқылы жүзеге асады. Әр ақын-жазушылардың еңбектеріне қойылған QR белгілерін жүктеп алып, шығармаларды еркін, электронды түрде оқуға болады. Мобильді кітапхана қосымшасында «Ақтөбе кітапхана сериясы» бойынша 50 томдық кітап ұсынылған. Ерте кездегі жыраулардан бастап қазіргі буын өкілдерінің кітаптары енген. Кітаптардың QR сілтемесін алу үшін, Мұғалжар орталық кітапханасымен байланыс орнатсаңыз, үлкен мүмкіндікке қол жеткізе аласыз.

Көрме ары қарай Мұғалжар дастарханының дәмімен жалғасты. Мерекелік кештің қонақтары рухани байлықтың көзімен танысып, композитор Ахмет Жұбановтың еңбектеріне шолу жасады. Ұлттық мәдениет пен ғылымның ошағы саналған, жері бай, тарихы тұнған Мұғалжар елінің болашағы жарқын боларына сеніміміз зор. Осындай тағылымды көрмелер мен мәдени шаралар аймақтың рухани әлеуетін арттырып, ұлттық мұрамызды жаңғырта түсері сөзсіз.

   Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ