Өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі 2 есе өседі — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияға ұлттық мәртебе берілуі орынды. Бұл туралы Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі 2 есе өседі — Тоқаев
Фото: Ақорда

— Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Мәселен, соңғы 5 жылда олардың жалақысы 2 есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі 2 есе өседі, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Президент Жарлығымен үш бірдей мұражайға ұлттық мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.

— Меніңше, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияға ұлттық мәртебе берілсе орынды болар еді. Сондай-ақ С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ драма театрына академиялық мәртебе беру керек деп есептеймін. Аталған өнер ұжымдары тұтас еліміздің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдіргенін жазған едік.