Отандық тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет – Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағам өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асыру және ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғырту жөнінде мәлімдеді.
– «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу іске асыру керек – деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының сөзінше, ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келді.
– Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Президент стратегиялық міндеттерді шешуге кәсіпкерлерді тарту жөнінде мәлімдеді.