Отбасы-қоғам тірегі

«Саяхат» жобасы жүзеге асырылуда

Алға аудандық «Жадыра» отбасын қолдау орталығы әлеуметтік санаттағы отбасылардың жағдайын жақсарту, қоғамға тарту және өмірге деген көзқарастарын қалыптастыру мақсатында «Саяхат» жобасын жүзеге асырып келеді. Жыл басынан бері үш түрлі жерге саяхат жасап, аталмыш топтағы отбасыларға ерекше әсер, ұмытылмас сәттер сыйлай білді.

Ашылғанына тек бір жылдай уақыт болып қалса да, «Жадыра» отбасын қолдау орталығының атқарып жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Орталық өз жұмысын бастағаннан-ақ ауданымыз бойынша әлеуметтік санаттағы отбасыларды қоғамға тарту және қолайсыз отбасылар санатындағы отбасылармен жұмыс жасап, орталыққа келген халыққа заңгерлік, психологиялық, медиаторлық, логопед-дефектологтың көмек берді. Бұл аталған көмекті алған халық риза болып, алғыстарын да айтып жататыны бар.

Адамға ерекше естеліктер мен сезімдер қалдыратын «Саяхат» жобасына тоқталар болсақ, ағымдағы жылдың 23 сәуір күні «Жадыра» орталығының мамандары Қарғалы ауданында орналасқан тарихы тереңде жатқан, табиғаты әсем «Қасқыр сарқырамасына» саяхат ұйымдастырса, 28 мамыр күні Тама Есет батыр Көкіұлы мемориалды кешеніне апарды. Аталған сапарға аудан бойынша көпбалалы, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі балалары бар  аналар, мүгедектігі бар жандардан тұратын отбасылар қатысып, көрікті табиғат пен тарихи мекенді көруге мүмкіндік алды.

Сонымен қатар 11 шілде күні табиғат аясында өткен отбасылық демалыстың бағдарламасында балаларға арналған спорттық ойындар, психологиялық бағыттағы тренингтер, «Кітап терапиясы» жобасы бойынша коучинг, бауырсақ, қуырдақ, кәуап дайындау болды. Демалысқа келгендердің барлығы көтеріңкі көңіл-күйде балалармен бірге спорттық ойындар ойнап, іс-шараларға белсенді қатысып, әсіресе табиғат аясында дәмі ерекше болатын мол дастарханнан дәм татты. Жаз айының жайма шуақ күнінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған демалыстан соң қатысқан отбасы мүшелері жүрекжарды тілектерін жаудырып, алғыстарын білдіріп, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

P.S:Күні бүгінге дейін аудан бойынша «Саяхат» жобасы аясында өткізілген демалысқа 100-ге жуық адам қамтылған. Мемлекеттік сұраныс арқылы жүзеге асып отырған жобаның аудан көлемінде әлеуметтік санаттағы отбасылар үшін берері мол. Себебі, күнделікті күйбең тірліктен бір сәт алыстап, пайдалы да, көңілді уақыт өткізу адамға үлкен қуаныш сыйлайды. Аз да болса алдағы өмірінде болатын өзгерістердің болуына септігін тигізеді. Осындай игі істі жүзеге асырып отырған «Жадыра» отбасын қолдау орталығының еңбегі зор. Ел болашағы бақытты отбасынан бастау алары сөзсіз.

Марал САНДЫБАЙ