Еңбек адамы

Отбасылық кәсіптің жетістігі

17-18 шілде күндері Астана қаласында «Jana Dala/Green Day 2025» мамандандырылған көрме-көрсетілімі өтті. Ауқымды шара барысында Есет батыр Көкіұлы ауылының тумасы, «Өтеғұл — 1» шаруа қожалығының басшысы Жакупов Өтеген Үмбетрзаұлы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атынан «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Осы орайда біз аталмыш шаруа қожалығының иесі Өтеген Үмбетрзаұлымен тілдесіп, отбасылық кәсіптің ашылу тарихы туралы білгенбіз. Ашылғанына 30 жылдай уақыт таяп қалған шаруа қожалығы жайында оқырмандарымызға ұсынуды жөн санадық. Себебі, бұл шаруа қожалығы Есет батыр Көкіұлы ауылының, ауданымыздың мақтанышы, ауыз толтырып айтарлықтай зор еңбегі де жоқ емес.

«Өтеғұл — 1» шаруа қожалығын 1998 жылы Өтеген Үмбетрзаұлының әкесі Үмбетрза Жақыпов ашқан. Ол (бұрынғы Максим Горький) қазіргі Есет батыр Көкіұлы ауылында ұзақ жылдар бойы бас агроном болып жұмыс істеп, ауылшаруашылық саласына еңбегі сіңген азамат. Дәл осы жерде біраз жыл адал еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Шаруа қожалығының «Өтеғұл» деп аталу себебіне тоқталар болсақ, Өтеген Үмбетрзаұлының өзінен кейінгі 1975 жылы туылған Өтеғұл есімді інісі дүниеден ертеректеу озып, әкесі осы перзентінің есімі ұмытылмасын, үнемі аталып жүрсін деген ниетпен отбасылық кәсіпке «Өтеғұл-1» деген атау берген.

Үмбетрза Жақыпов 2004 жылы дүние салып, одан қалған атакәсіпті балалары қолға алады. Алғашында шаруа қожалықтың аз ғана жері болып, оны тек бастапқыда шөбін шауып қана жүрген. Себебі, шаруашылықты үнемі жүргізіп отыратын балаларының әрқайсысының жұмыстары болып, оған барып қарауға үлгермей жүретін. Сөйтіп жүргенде, жер комитеті шаруа қожалыққа тиесілі жерді қайтаруды сұрайды. Бірақ, балалары ақылдасып әкеден мұра болып қалған кәсіпті аяқсыз тастап кету, әке үмітіне сатқындық, аманатқа қиянат жасағанмен тең деп түсініп, кәсіпті жалғастыруды ұйғарады. Кейіннен ол жерге үй, қора салып кеңейтіп, атакәсіпті дөңгелетіп әкетеді.

Аталмыш шаруа қожалығының иесі Өтеген Үмбетрзаұлы филология ғылымдарының кандидаты, доцент, бірнеше жылдар бойы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінде дәріс берген. Бірақ бүгінде осы ұстаздық қызметін тастап, толығымен әкеден қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа жалғастыру мақсатымен шаруашылықты жүргізіп отырған жайы бар. Оның осы кәсіпке ерекше ден қойып, көңіл бөліп, сіңірген еңбегі де аз емес. «Өтеғұл-1» шаруа қожалығы асыл тұқымды ақ бас сиыр, асыл тұқымды Мұғалжар, Көшім жылқыларын, қазақтың төл тұқымы Еділбай қойларын және түйе өсіріп, олардан алынған ет, ұлттық сүт өнімдерін сатылымға шығарып келеді. Еліміз бойынша ұйымдастырылатын көрмелерде ауданымыздың мерейін өсіруге үлесін де қосып келеді. Ұзақ жылдардан бері келе жатқан тұрақты тұтынушылары да бар. Өтеген Үмбетрзаұлы екі жылдан бері қазақтың ақбас тұқымымен селекциялық-асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруға және үйлестіруге бағытталған «Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының» Ақтөбе облысы бойынша мүшесі. Біздің өңірімізде қазіргі кезде мал шаруашылығымен айналысатын 100-ден астам кәсіпкер дәл осы палатаның мүшесі болып табылады. Ауылшаруашылық саласына қосқан ерекше еңбегін бағалап, Өтеген Үмбетрзаұлын «Ауылшаруашылық саласының үздігі» атағына Астана қаласындағы палатаның төрағасы мен мүшелері ұсынған. Атакәсіпті жандандырып, бүгінде төрт түлік малдың асыл тұқымдарын сақтауға және ауыл шарушалығының өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан «Өтеғұл — 1» шаруа қожалығының иесі Өтеген Үмбетрзаұлын марапатымен шын жүректен құттықтай отыра, кәсібіне береке, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!

Марал САНДЫБАЙ