Президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасында жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында және адами капиталдың негізгі элементі ретінде заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастырудың шұғыл қажеттілігін негізге ала отырып, ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) 2026 жылғы 1 шілдеге дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге бағытталған, дербес оқыту тетігін, цифрлық инфрақұрылымды, педагог кадрлар даярлауды, білім алушылардың дербес деректерін қорғауды көздейтін Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026 – 2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Кешенді жоспар) бекітсін;

2) қалалық және ауылдық мектептер арасында білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдарын 2026 жылғы 1 маусымға дейін іс жүзінде қолданып, орта білім беру саласындағы пилоттық жобаны іске асыру, одан әрі кеңінен қолдану жөнінде нақты ұсыныстар енгізсін;

3) 2026 жылғы 1 тамызға дейін пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде тұрақты, жылдамдығы жоғары интернеттің болуын қоса алғанда, мектептердің техникалық жарақтандырылуын қамтамасыз етсін;

4) 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру контентін генерациялауды және оқу нәтижелерін бағалауды, сондай-ақ білім беру мекемелерінде жасанды интеллект құралдарын пайдалануды реттеу мақсатында академиялық адалдыққа кепілдіктер беруді қоса алғанда, орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттарын бекітсін;

5) 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін педагогтердің үздіксіз кәсіптік дамуын көздейтін және жасанды интеллект технологияларын педагогтердің кәсіптік қызметіне нұқсан келтірмей және оны алмастырмай білім беру процесінде қосымша тиімді құрал ретінде пайдалануды қамтамасыз ететін шаралар жоспарын бекітсін;

6) орта білім беру ұйымдарындағы дербес деректерді қорғауды күшейту және білім беру контентінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

2. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктері:

1) 2026 жылғы 1 тамызға дейін Кешенді жоспармен үйлестірілген, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі өңірлік жоспарларды бекітсін;

2) пилоттық жобаны және Кешенді жоспарды іске асыру мақсатында ұйымдастырушылық және өзге де іс-шараларды қабылдасын.

3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.