Қайратты ғұмыр, ерен еңбек иесі

Жетпістің желкенін ашып отырған Әмет Нәбиев – өмірін адам денсаулығына, қоғамның санитарлық қауіпсіздігіне арнаған айтулы дәрігер-эпидемиолог. Еңбекпен есейген, абыроймен ардақталған, бар саналы ғұмырын медицина саласына бағыштаған жан. Бүгінде Алға аудандық ауруханасының ұжымы өз орталарындағы абзал әріптесін, ұлағатты ұстаздарын зейнеткерлікке шығарып салғалы отыр.

  Әмет Нәбиев 1955 жылы 15 шілдеде Қарақалпақстан Республикасы, Қыпшақ ауданының қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласқан ол бала күнінен жауапкершілік пен төзімділікті жанына серік етті. Қажыр-қайраттың, табандылықтың арқасында 1972-1978 жылдары Ташкент медицина институтының санитария-гигиена факультетін үздік тәмамдап шықты. Медицина жолындағы алғашқы қадамын Нүкіс қаласында санитарлық-эпидемиологиялық стансасында интернатурадан бастап, елге танымал бас эпидемиолог Зинаида Скребенькованың жетекшілігімен тәжірибе жинақтады.

1979 жылдан бастап Тақиятас қаласының санитариялық-эпидемиологиялық стансасында эпидемиолог-дәрігер болып қызметке кіріскен Әмет Нәбиев бұл салада табаны күректей 34 жыл еңбек етті. Осы аралықта бөлім меңгерушісінен бастап мекеме бас дәрігеріне дейінгі жолдан өтіп, кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп отырды. Өзбекстан, Армения, Украина елдерінде біліктілігін арттырып, жоғары санатты дәрігер-эпидемиолог атанды. Адал еңбек пен маңдай тер ескерусіз қалған жоқ. Өзбекстан мен Қарақалпақстан Республикалары Денсаулық сақтау министрліктерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, ел үмітін ақтады. 2013 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударған Нәбиевтер әулеті Ақтөбе облысында тұрақтады. 2015 жылдан бері Алға аудандық ауруханасында эпидемиолог ретінде қызмет атқарып келеді.

Жоғары санатты дәрігер Әмет Нәбиев мұнда да өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Кәсіби білімі мен өмірлік тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, ұжым ішіндегі абырой-беделімен ерекшеленді. Пандемия өршіген 2021 жылы төтенше жағдай кезінде көрсеткен кәсіби біліктілігі мен ерлігі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ұжымдастарының айтуынша, Әмет аға – әріптестерімен сыйлас, өзінен кейінгі буынмен ой бөлісіп, үнемі қолдау көрсетіп жүретін ашық әрі жанашыр маман. Аудандық аурухананың басшылығы, аудан және облыс әкімдігі тарапынан да «Алғыс хаттар» алған. Қай жерде, қандай лауазымда қызмет етсе де, еңбектің елеулі екендігін дәлелдеп келеді.

Зайыбы Тыныштық апаймен бірге ұлға да, қызға да жақсы тәрбие берген. Балаларының барлығына жоғары білім беріп, олардың өз жолын табуына себепші болды. Бүгінде солардан 11 немере-жиен сүйіп, ұрпақ қызығына бөленіп отыр. Ұлы Сәкен – әке жолын қуған, жоғары санатты хирург-дәрігер. Қазіргі таңда Алға аудандық ауруханасының хирургия бөлімін басқарып келеді. Әке көрген оқ жонар демекші, бұл – отбасындағы еңбек пен өнегенің жарасымды жалғасы.

Биыл зейнетке шыққалы отырған ардақты азаматқа Алға аудандық ауруханасының ұжымы атынан зор алғыс білдіреміз. Еңбегіңізге адалдықпен қарап, адамгершілік пен парасаттылықтың үлгісін көрсеткеніңіз үшін мың алғыс! Сіздей маманмен бір ұжымда қызмет ету – біз үшін үлкен мәртебе. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, өзіңізге ұзақ ғұмыр тілейміз!

Құрметпен,
Алға аудандық ауруханасының ұжымы