ҚАЙТА ЖАҢАРҒАН АЛҒА ВОКЗАЛЫ

Алға шаһарында ғасырдан астам тарихы бар теміржол станциясы жаңғыртылып, замануи талаптарғасай жаңа вокзал пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен көлік инфрақұрылымын заман талабына сай жаңартып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, қауіпсіз әрі жайлы жағдай қалыптастыру мақсатында елімізде 124 вокзал жаңғыртылуда. Соның ішінде біздің өңірімізде 7 вокзалға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тозығы жеткен вокзалдар жолушылар үшін қолайсыз болды. Ал қазір жаңа айнадай жарқыраған вокзалдар өз есіктерін халыққа айқара ашып, сапалы қызмет көрсетуге әбден дайын.

Алға теміржол вокзалының ашылу салтанатына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев, аудан теміржол саласының ардагерлері мен еңбек ұжымының өкілдері қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

  • Менің осы салада қызмет еткеніме 42 жыл болды. Қазір балам да осы салада еңбек етіп жүр, немерем де теміржол мамандығына оқуға түсті. Бұрынғы вокзалымыз ескі, іші салқын болатын. Бүгін біз үшін қуанышты күн – жаңа ғимаратқа ие болып отырмыз. Жаңа вокзал халыққа сапалы қызмет ете берсін. Осы ғимараттың жаңаруына атсалысқан әрбір азаматқа ризашылығымды білдіремін, — деді теміржол саласына 42 жылын арнаған ардагер Сәуірбай Үркімбаев.

Бір кездері  №44 разъезд ретінде басталған теміржол нысаны бүгінде жаңа талапқа сай соңғы үлгідегі вокзалға айналды.

  • Бүгін барлық аудан халқы және біздің ұжым үшін қуанышты күн. Себебі, көптен күткен теміржол вокзалымыздың жөндеу жұмыстары аяқталып, халық игілігіне пайдалану үшін ашылып отыр. Осы маңызды шарамен шын жүректен құттықтаймын!

 Біздің теміржол вокзалымыз 1935 жылы салынған. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылуына байланысты ғимараттың тозығы жетіп, техникалық жағдайы нашарлаған еді. Қайта жаңғырту жұмыстары  2025 жылы 13 маусымда басталды. Бас мердігер – «Самұрық-Құрылыс» СК. Бұрын вокзалда мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін қажетті жағдайлар қарастырылмаған болатын. Толық жөндеуден соң бұл кемшіліктер жойылды. Сонымен қатар, вокзалда ана мен балаға арналған бөлме,  санитарлық тораптар, тамақтануға арналған бөлме, медициналық пункт және полиция қызметкерлеріне арналған бөлме бар.Билет кассалары да жаңартылып, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалды. Күту залы да жаңа кейіпке еніп, жолаушылар үшін 50 орындық орнатылған. Ауқымды жаңғыртудан өткен вокзалымыз халық үшін пайдалы болады деген сенімдеміз, – деді Алға теміржол вокзалының аға кезекшісі Селеуова Жадыра Өмірбекқызы.

Аталмыш вокзал ІV класты вокзал санатына жатады. Станцияда бір тәулік ішінде 14 жолаушылар пойызы тоқтайды. Қазіргі таңда тәуліктік жолаушылар ағыны орта есеппен 50-60 адамды құрайды. Жаңғыртуға дейін вокзал ғимаратының жалпы алаңы 557,4 шаршы метрді құраса, ал қазіргі уақытта 391 шаршы метрді құрайды. Жаңа ғимараттың ішкі кеңістігі тиімді ұйымдастырылғандығын ерекше атауға болады. Сонымен бірге жолаушылар платформасын ұзарту жұмыстары жүргізілген болатын. Бұған дейін платформаның алаңы 323,12 шаршы метр болса, кейін 531,12 шаршы метрге дейін ұлғайған. Сонымен қатар алдағы уақытта вокзал айналасын абаттандыру, пойыз күту уақытын жайлы өткізу үшін демалыс аймақтарын орналастыру жоспарланып отыр.

Жаңа келбетке ие болған вокзалдан жолаушылар межелі жеріне аман-есен жетіп, халыққа жан-жақты, сапалы қызмет көрсете берсін. Ел мерейі әрдайым үстем болсын.

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ