Қайтқан қаржыда қайыр бар…

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан балабақшаның құрылысы қалай жүргізіліп жатыр?
Жылқы жылында Ақтөбедегі құрылыс қарқыныерекше. Аумағы атшаптырым нысанның дені — мәдени-спорттық кешен, соның ішінде құлыншақтарға арналғаны да бар. Атқарушы билік биыл ұзын саны 35 нысанның құрылысы жүргізіліп, барлық қаржыландыру көзі есебінен аумағы 1 миллион 30 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын хабарлады. Іргетасы қаланып, салынып жатқан ғимараттардың облыс орталығындағы музыкалық-драма театры, футбол стадионы, әмбебап спорт кешені, оңалту орталығы, ерекше балаларға арналған балабақша сияқты әлеуметтік нысандарекенін атап өту керек.
Жыл соңына дейін соның қайсысы тұрғындар игілігіне тапсырылмақ? Бұл мақсатта қанша қаражат бөлінген? Құрылысшылардың өзі не дейді?

Үш қаражат көзі. Бір мүдде
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, осы жылы құрылысы жүргізіліп жатқан 35 нысан мен 15 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 45 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде облыс бюджетінен 27 миллиард теңге, арнаулы мемлекеттік қордан 10 миллиард теңге, сондай-ақ Президент резервінен 8 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты. Атап айтсақ, білім— 16, денсаулық сақтау — 4, спорт — 5, мәдениет — 1, әлеуметтік қамсыздандыру — 3, төтенше жағдай және жұмылдыру дайындығы — 3, мемлекеттік органдар объектілерін дамыту — 2, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау объектілерін дамыту салаларында 1 нысан тұрғызылып жатыр.
— Білім беру саласында 16 нысанның құрылыс-монтаж жұмысына және 3
жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 4,6 миллиард теңге бөлінді. Былтырдан қалған 14 нысан бар. Биыл 1 жаңа нысан және Оймауыт мектеп-балабақшасының құжаттамасы түзетуден өтіп, құрылыс жанданды.
Сондай-ақ, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары жалпы сыйымдылығы 11 400 орындық 14 мектептің құрылысы жүргізілді. Соның ішінде 2024 жылы 2 мектеп, ал 2025 жылы 7 мектеп пайдалануға берісе, тағы 5 мектепте құрылыс-монтаж жұмысы аяқталды.
Қазіргі таңда 9 мектеп білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия алып, оқу процесін бастады. Қалған нысандарды коммуналдық меншікке қабылдау және қажетті рәсімдерді аяқтау белгіленген тәртіппен жалғасып жатыр, — дейді ол.
Ірі жобалардың қатарында өткен күзде тұрғызыла бастаған Ақтөбе қаласындағы музыкалық-драма театры бар. 700 орынға шақталған ғимарат жалпы аумағы 5,7 гектар жер телімін алып жатыр. Жобаның жалпы құны — 31,8 миллиард теңге. Сол сияқты футбол сүйер қауым асыға күтіп жүрген стадионның құрылысы қарқын алды. 35 мың көрермен сыятын ірі нысанға 25 гектар аумақ берілген.
5 мың орындық әмбебап спорт кешені, 150 адам бір мезгілде ем қабылдай алатын оңалту орталығының да құрылысы жалғасып жатыр.
Жыл соңына дейін есігін айқара ашқалы отырған Ақтөбе қаласындағы ерекше балаларға арналған балабақша — әлеуметтік маңызы зор нысанның бірі. 300 балдырған күндіз ем алып әрі демалатын мекеме ғимаратының құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүргізілу үстінде. Әртүрлі даму ерекшеліктері бар ұл-қыздар топқа бөлініп, яғни нақты диагнозына қарай қабылданатын мектепке дейінгі білім беру орталығының қазығы 2025 жылдың сәуір айында қағылды.
— Бұл нысандардың әрқайсысы — облысымыздың тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Барлығының талапқа сай болуын біздің басқармадан бастап прокуратура сияқты құзырлы органдар жіті қадағалап отыр. Өйткені әр ғимараттың, қай жағынан болсын, өңірдің дамуына қосар мәні зор, — дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Облыстық білім басқармасынан білгеніміздей, өңірде 643 балабақша жұмыс істейді. Оның 381-і мемлекеттік болса, қалғаны — жекеменшік.
600 балабақшадан ерекшелігі қандай?
Денсаулығында кінәраты бар балалардың қолайлы ортада дамуы мен тәрбиеленуіне жағдай жасап, инклюзивті білім беру саласына серпін беру мақсатында салынып жатқан балабақшаға толығырақ тоқталсақ, ғимарат Есет батыр шағын ауданында орналасқан. Мектепке дейінгі білім беру мекемесін бірегей орталық деуге толық негіз бар. Өйткені мұнда кедергісіз орта қалыптастыру мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.
Ең бастысы, бұған дейін болмаған жағдай — аталған топтағы кішкентайлар үшіндиагнозына қарай бірнеше блок жасақталады. Айталық, гүл пішініндегі алып ғимараттағы алғашқы блокқа тірек-қимыл аппараты бұзылған, екінші блокқа көзі нашар көретін, үшінші блокқа есту және сөйлеу қабілетінде ақауы бар, тағы біріне ақыл-есінің дамуында ауытқуы бар балалар қабылданады. Тиісінше әр бөлікте қажетті материалдық-техникалық база жасалып, арнаулы қызмет қамтамасыз етілмек. Жаңа орталықта мектепке дейінгі білім ғана беріліп қоймай, түзету-педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік көмек ұсынылады. Ата-аналар үшін кеңес беру орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда ортақ пайдалануға арналған медициналық бөлім, мәжіліс залы, бассейн, асхана, атриуммен табиғи жарық түсетін кіреберіс аймақ, қысқы бақ және консерватория болады.
Жобаның жалпы құны 8 миллиард теңгеге жуықтайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл — мемлекетке қайтарылған активтер есебінен арнайы мемлекеттік қордан аударылған қаражат. Жалпы аумағы — 20 172 шаршы метр.
Облыстық білім басқармасының дерегінше, Ақтөбеде 381 мемлекеттік, 262 жекеменшік, барлығы 643 балабақша бар.
БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!
2023 жылғы 12 шілдеде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңы елден заңсыз шығарылған, яғни ұрланған қаржыны қайтару үшін қабылданды. Бұл жұмысты Бас прокуратура жүзеге асырады.
Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсы таратқан мәліметке жүгінсек, активтерді қайтару бойынша жұмыс аясында Үкімет 610 млрд теңгеге 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Қор қаражаты бүкіл ел бойынша білім беру, денсаулық сақтау, спорттық және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салуға және жаңғыртуға бағытталмақ.

«150 құрылысшы жұмыс істеп жатыр»
Балабақшаны «Казстройподряд» ЖШС салып жатыр. Терезе мен есіктері орнатылып, қабырғалары қаланған ғимараттың инженерлік желілері тартылған. Ендігі кезек — әрлеу, аумақты абаттандыру, ауладағы ойын және спорт алаңдарын салу. Аталған компанияға қарасты өндірістік-техникалық бөлімнің инженері Нұрсұлтан Қалдымұраттың айтуынша, қазіргі таңда құрылыстың 75 пайызы орындалған.
— 300 орындық арнайы балабақшаның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Екі ауысыммен — күні-түні 150 құрылысшы еңбекке тартылды. Ғимараттың өзі бірнеше блоктан тұрып, құрылымы күрделі болғандықтан, білікті мамандарды жұмылдырып жатырмыз. Екі шағын бассейн, келушілердің еркін жүріп-тұруы үшін 6 лифт жұмыс істейді.
Біз салып жатқан ғимараттың басқалардан ерекшелігі — кіреберіс аумақтағы шыныдан тұратын күмбездің болуы. Салмағы 10 тоннаны құрайтын ерекше төбені орнату да оңай болған жоқ.
Нысан биыл қазан айында тапсырылады деп күтілуде, — дейді ол.
Инженер құрылыс сапасы құзырлы орган тарапынан ұдайы тексерілетінін, тапсырылу уақытының сақталуы және қауіпсіздік талабының орындалуына баса назар аударылып отырғанын атап өтті.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.