Ыбырай Алтынсариннің туғанына – 185 жыл

 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ

Туған елінің ертеңі үшін алаңдап, бойындағы бар күш-жігерін сауаттандыру ісіне арнаған халқымыздың бас ұстазы Ыбырай Алтынсариннің есімі әрдайым алтын әріптермен жазылары хақ. Ыбырайдың ашқан мектептері қазақ халқын ұлт ретінде азаттыққа жетелеген.  Газетіміздің бүгінгі санында ағартушы-ғалымның өмір жолы мен шығармашылығына тоқталуды жөн көрдік.

Ыбырай (шын аты Ибраһим) Алтынсарин 1841 жылы 2 ақпанда Торғай облысы, Аманқарағай болысында дүниеге келген. Әкесі Алтынсары Орта жүз, қыпшақ тайпасынан шыққан. Ол ауыл молдасының алдын көргені болмаса, басқадай оқу қумаған. Момын, шаруа адам болған. Әкесі 1844 жылы Кенесары  қозғалысы кезінде дүниеден өткен. Сол уақыттарда бесіктегі Ыбырайды Жетібай Өтемісов деген азамат аман алып қалған. Содан ол атасы Балғожа Жаңбыршыұлының қолында тәрбиеленген. Атасы Балғожа би ел арасында беделді кісі болған. Бірі баласынан, бірі әкесінен айырылған жандар қанша қиын болса да мойымай, өмірді әрі қарай жалғастыруға бел буып, армандарының орындалуына бар күш-жігерлерін аямайды. Анасы Айман – Шеген бидің қызы.

Ыбырай бала күнінен-ақ оқу-білімге құштар боп өседі. Әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын сүйсініп оқып, тіпті жатқа оқыған. Өзі танып-біліп қана қоймай, сол құндылықты халқына үйретуден еш жалықпады. Ол мұғалімдік қызметті өте жоғары бағалаған, құрметтеген. Кейбір деректерде Ыбырай Алтынсариннің мектепке сабақ беруге кірер алдында толығымен дәрет алып, мұнтаздай таза киіммен кіретіндігі айтылған. Және де өзі үнемі: «Мектеп – бұл киелі мекен. Кез келген ұстаз өзін таза ұстап, мешітке кіргендей сезінуі керек» деп айтып отыратын болған.

Ыбырай Алтынсарин 1850-1857 жылдары Орынбордағы қазақтарды билеу бас басқармасына қарасты қазақ мектебін бітіріп шығады. Содан Орынбор облыстық  басқармасында іс жүргізуші және тілмаш болып қызмет атқарады. Кейіннен Ыбырай Алтынсарыұлы 1860 жылы мектеп ашу мақсатымен Торғайға ауысады. Бірақ жергілікті органдардан қолдау болмауының себебінен мектеп ашу ісі созылып кетеді. Ұлт ұстазы Ыбырай қиыншылықтарға қарамай, халық арасында мектеп ашу, сауаттылық жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тоқтатпайды. Халықтың оқуға деген ынтасын ояту үшін, көптеген балаларды өзінің үйінде оқытып бастайды. 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай қаласында қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп салтанатты түрде ашылады. Алғашында оған 14 қазақ баласы қабылданады. Мектеп ашқан кезеңде Ыбырай Алтынсарин көптеген қиындықтарды басынан кешіреді. Торғайдағы алғашқы мектептің ашылуына сол ауылдың тұрғындары мен ағартушының жақын туыстары көмектесіп, белсенді түрде атсалысады. Сол кезеңдерде Ыбырай Алтынсарин жалғыз өзі ұстаз, әрі мектеп басшысы, есепші, шаруашылық бөлімінің қызметкері т.б міндеттерді қатар алып жүрген. Бірнеше адамның атқаратын шаруасын бір өзі ойдағыдай орындаған. Дәл осы алғашқы мектебін ашқан кездегі Ы.Алтынсариннің 1864 жылы Н.И.Ильминскийге жолдаған хатынан үзінді:

«Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды.»

1868 жылы Орынбор генерал губернаторлығы  екі әкімшілікке бөлінді, оның біреуі Торғай, екіншісі Орал. Соған орай Ыбырай Торғай уездік сотының уақытша қызметін атқарып жүрді. 1870 жылы Ыбырай Алтынсариннің  Ресей географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің №1 запискасында «Орынбор ведомствосы қазақтардың өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрі» және Қазан университетінің баспаханасынан «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу және той жасау дәстүрлерінің очеркі» атты этнографиялық мақаласы жарияланды.

1876 жылы Ыбырай Санкт-Петербург, Қазан қалаларында болып, орыстың ағарту жұмысының жүйесімен танысып, іздену жұмыстарын жүргізді. Ыбырай балаларға жаттамалы дүние оқудың орнына жаңаша әдіспен түсіндіріп оқытып, оларға тез хат танытатын жол табады. Соның нәтижесінде Ыбырай оқытқан балалар  небәрі 3-4 айда қара танып, кітапты еркін оқитын деңгейге жетеді. Ағартушы-ғалым заманында  қазақ даласында діни оқулардың көбін Қазан, Уфа қалаларын да оқып келген татар молдалар оқытты. Пайдаланылатын оқу құралдары да осы қалалардағы татар, араб тілдері араластыра басылып шыққан кітаптар болатын. Ол 1876 жылы Санкт-Петербург, Қазан қалаларына барып, орыстың ұлы педагогтері Ушинский, Толстойдың оқулықтарымен танысып, олардың ағарту жүйесін үйренді. Соларға еліктей отырып, қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазуға кірісті.

Ыбырай Алтынсариннің педагогтық атағы 1879 жылы Торғай өлкесіндегі мектеп инспекторы қызметіне тағайындалған кезінен бастап  шыға бастайды. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының 4 уезінде уездік жаңа мектептер ашты. 1883 жылы Торғай қаласында тұңғыш қолөнер кітабын жазып, жастарға кәсіптік-техникалық білім білім беру ісін қолға алады. Онда оқушылар сабын қайнату, тон пішіп тігу, тері илеу кәсіптерін үйренеді. 1887 жылы Илек уезіне қарасты Бөрте болысынан Қостанай уезінің Обаған және Жітіқара болыстарынан бір сыныптық мектептер ашып, әрқайсысының қасынан қазақ балалары жататын 25 орындық интернат салдырған.

Дәл осы жылы Ыбырай Алтынсариннің  армандаған оқу құралдары мен өзі жабдықтаған Ырғыз қыздар училещесінің салтанатты түрде ашылуы болды. Осыдан кейін Қарабұтақта, Торғайда, Қостанайда, Ақтөбеде қыздар училещесі ашылды. Ыбырайдың Орынбор әкімшілік басқармасы алдына қойып жүрген тағы бір мәселе Орынбор кадет корпусына жылма-жыл Торғай облысы қазақтары балаларының тұрақты оқуына бала алғызып, әскери маман даярлау болатын. Оның ұсынысы бойынша 1887 жылдың 19 қарашасында әскери губернатор жыл сайын аталған корпусқа Торғай облысынан бір қазақ баласын алуға ресми рұқсат беріп, стипендия тағайындалды. Ағартушы Алтынсарин 1888 жылы 21 қыркүйекте Қостанай қаласында орыс мектебін ашады. Ол уезд орталықтарындағы орыс-қазақ училещелерінің жанынан кәсіптік мамандықтарға даярлау бөлімдерін құрып, Ырғыз училещесінің жанынан тері илеу зауытын ашты. 1886 жылы Орскіде тұңғыш мұғалімдер мектебін ашуға атсалысты. Ыбырай он жыл бойы Торғай қаласында инспекторлық қызметті атқару кезінде талай қиыншылықтарға да тап болғаны тарихи деректерде көрсетілген.  Қара халықтың сауатын ашам деп бар жанын салып жүрген ағартушы ғалымға өшіккен қазақ молдалары Орынбор генерал губернаторлығына өтірік шағым мәлімдеме берген. Ал орыс генералы Приходько оны қудалап, ашқан мектептерінің бәрін жауып, өзін инспекторлық қызметтен босату ісін сотқа беруді ұйғарады. Ғалым орыс достарының араша түсуімен бұл істен әзер құтылып, аман қалады. Халқымыздың бас мұғалімі Ыбырай Алтынсарин денсаулығының нашарлағанына қарамай, Қостанай қаласына келіп Торғай облысының губернаторы генерал Барабашпен кездесіп бірқатар мәселелерді шешуге келісім алады. Олар – оқу-ағарту ісіне халықтан қосымша қаражат жинау (ол кезде мектеп ашу ісіне мемлекет тараптан ақша бөлінбейтін), қыз балалар оқитын училищелер ашу, ауылшаруашылық мектебін ұйымдастыру, Мәскеудегі жер шаруашылығы академиясында оқитын қазақ балаларына стипендия тағайындау, тері өңдейтін, сабын қайнататын зауыттар салу т.б.

Ол қысы-жазы даланы атпен аралап, өзі ашқан мектептердің қамымен жүріп 1889 жылдың 17 – шілдесінде Қостанай қаласынан 3 шақырым жердегі Тобыл өзенінің бойында өз үйінде 48 жасында белгісіз дерттен қайтыс болады.

Ыбырай Алтынсарин өмірінің соңына дейін надандықпен, сауатсыздықпен күресіп, туған еліне білім сәулесін шашу жолында аянбай тер төккен ардақты ұстаз, ағартушы. Оның әр қазақтың аузында жатталып қалған «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінде білім алудың, сауат ашудың қаншалықты адам өміріне өзгеріс, сенімділік әкелетіндігін сол кезде-ақ айтып, жырлап кеткен:

Бір Аллаға сиынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық.

 

Істің болар қайыры

Бастасаңыз Алалап.

Оқымаған жүреді

Қараңғыны қармалап.

 

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Оқысаңыз балалар,

Шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

 

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Мал дәулеттің байлығы,

Бір жұтасаң жоқ болар,

Оқымыстың байлығы,

Күннен-күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар.

Адам өмірінде дүние жинамаса да, бірақ білімді болуға, танып-білуге асық болса одан асқан бай адам болмайды. Себебі, әр кезде біліміңді толықтырып жетілдіргенің сені көптеген шыңдарға жеткізетіні анық. Әр адам өзінің алатын білімі үшін ештеңені аямауы керек деген ойды Ыбырай Алтынсарин сонау заманда-ақ біліп айтқанын осы бір өлеңінен көре аламыз.

Оның «Ананың сүюі» өлеңінде ананың перзентіне деген есепсіз, шексіз махабаты, қамқорлығы шебер суреттелген:

Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,  ана, бала,

Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын?

Түн ұйқысын төрт бөліп кірпік қақпай,

Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.

 

Кім сендерді, балалар, тербететін,

Еркелетіп, ойнатып, сергітетін.

Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,

Қамқор анаң көз жасын көлдететін.

 

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,

Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең,

Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,

Хат жазып тұр төбесі көкке жетсін.

Көрнекті ағартушы Ақтөбе өлкесінде орыс-қазақ мектептерін, училище ашып, табанды еңбек еткені тарихтан белгілі. Ыбырай Алтынсарин Ақтөбе облысы, шежірелі өлке Ырғыз ауданында ең алғаш рет бастауыш қазақ мектебін ашқан. Облыс орталығынан Ырғызға дейін жеңіл көлікпен 5-6 сағаттай жүреді. Ал кезінде Ыбырай атамыз сонау Торғайдан, Қостанайдан ат арбамен, шанамен қатынап жүретін болған. Енді ойлап қарасақ, қандай қиын екенін бірден көруге болады. Бірақ ағартушының ойында бір ғана мақсат болған белгілі. Ол – ел арасында сауат ашу. Сол мақсатқа жету жолында ешбір қиындыққа мойымаған.

Алтынсариннің тікелей өтінішімен Ырғыз қаласындағы оқу орындарында Тимофеев, Григорьев, Спиридонов, Сахарова, Царегородцев, Васильева деген білімді әрі тәжірибелі мұғалімдер қызмет еткен.

Бас ұстаз Алтынсарин өзі өмір сүрген замандағы әділетсіздік, әлеуметтік теңсіздік, байлардың зорлық-зомбылығын, сараңдығын, кедейлердің аяусыз басып жаншуын әшкерейлейтін өлеңдері бар. Аталмыш өлеңде айтылған кейбір әрекеттер біздің өмір сүріп жатқан қоғамымызда да орын алып жатқанын көпшілік жоққа шығармас.

Азған елдің хандары,

Тақ үстінде отырғандары.

Жарлыдан алып байларға,

Сыйлар берсе керек-ті.

Азған елдің қожасы,

Қыдырып келер есікке.

Бұл үйде кім бар екен деп,

Көзін салар тесікке.

Балаларын бастырып,

Қатындарын састырып,

Төрге қарай ұмтылып,

Тамақ үшін қылғынып,

Дуа қылса керек-ті.

Азған елдің байлары,

Ұлық тұтар басын-ай.

Қайда дәулетті адам болса,

Берер соған асын-ай.

Көзін сүзіп бір кәріп,

Төгіп келсе жасын-ай,

Бермек түгіл, бейшараны

Масқара қылса керек-ті.

Береке кеткен елдерде

Күн қысқарса керек-ті,

Алатаудай атаға,

Ұл қышқырса керек-ті.

Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға.  Оның ардақты есімі мәңгі өлмейді, кейінгі ұрпақ әрдайым бас иіп, тағзым етеді.

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ