«Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында қоғамдық қабылдау өтті

«Әділет» партиясының Ақтөбе облыстық филиалында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауға партия филиалы төрағасының орынбасары Әсел Сарманова, Әйелдер қанатының жетекшісі Күлшат Масалимова және басқарма басшылары қатысты.

Кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету, білім алуына жағдай жасау және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мәселелері қаралды.

Атап айтқанда, дағдарыс орталығына орналастырылған қала тұрғыны ерекше балаларына мүгедектік рәсімдеу және баспанамен қамту мәселесімен жүгінді. Сондай-ақ көпбалалы ана дағдарыс орталығында болу мерзімі аяқталғаннан кейін тұрғын үй мәселесін шешуге көмек сұрады.

Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген мәселелер бақылауға алынып, азаматтарға құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету тетіктері түсіндірілді.

«Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясындағы қоғамдық қабылдаулардың негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде анықтау және қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді қолдау көрсету.