Қазақстан түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқытуға арнайы гранттар бөлуге дайын
АСТАНА. KAZINFORM – ТМҰ елдерінде ғарыш саласын жүйелі дамытуда ғылыми-технологиялық әлеуеті жеткілікті. Бұл туралы бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

– Білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрдар даярлау және озық технологияларды енгізу — өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын. Біз тек Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бағдарламалау, жасанды интеллект және озық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн.
– Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді. Биыл қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 млн долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл — айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуі тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын, — деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Түркістан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары — Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылып отыр.