ҚОҒАМ ЖӘНЕ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК: ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗЫ
Мемлекеттің тұрақты дамуы тек тиімді басқару жүйесіне ғана емес, қоғамның белсенділігіне, азаматтардың ортақ іске араласуына және қоғамдық келісімнің сақталуына да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция мемлекеттік билік пен азаматтар арасындағы өзара қатынасты реттейтін негізгі құқықтық құжат саналады.
2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан
Республикасының жаңа Конституциясында қоғамдық диалогты дамыту, жалпыұлттық бірлікті нығайту, жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне ерекше мән берілген.
Бұл қағидаттар қоғамның мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысуына, азаматтық бастамалардың дамуына және жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешуге атсалысуына құқықтық негіз қалыптастырады.
Қоғамдағы әртүрлі пікір мен ұсыныстың ескерілуі демократиялық үдерістердің маңызды белгісі болып табылады. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді ашық көтеріп, мемлекеттік органдарға ұсыныс білдіріп, қоғамдық талқылауларға қатыса алуы керек.
Жаңа Конституцияда қоғамдық диалогты дамыту мемлекеттің қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде белгіленген. Бұл қоғам мен билік арасындағы байланыстың маңызын конституциялық деңгейде айқындайды.
Осы бағыттағы жаңа институттардың бірі – Қазақстан Халық Кеңесі. Оның құрылуы қоғамдық мүдделерді білдіру мен азаматтық бастамаларды талқылаудың қосымша алаңын қалыптастыруға бағытталған. Кеңестің қызметі мен өкілеттіктері тиісті заңнамалық нормалар арқылы жүзеге асырылады.
Дегенмен қоғамдық диалогтың нәтижелі болуы тек арнайы институттардың жұмысына байланысты емес. Қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары және белсенді азаматтар да бұл үдеріске өз үлесін қоса алады.
Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы ең алдымен өздері өмір сүретін елді мекендегі мәселелерді шешуден басталады. Ауланың абаттандырылуы, жолдардың жағдайы, қоғамдық кеңістіктер, коммуналдық қызметтердің сапасы – тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелер.
Жаңа Конституцияда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде кепілдік берілген. Сонымен қатар оларға заңға сәйкес мемлекеттік функцияларды беру мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл нормалардың маңызы – жергілікті мәселелерді шешуде тұрғындардың мүддесін ескеруге және жергілікті деңгейдегі басқару тетіктерін дамытуға құқықтық негіз қалыптастыруында.
Мұндай жүйенің тиімділігі тұрғындардың белсенділігіне, жергілікті органдардың ашықтығына және қабылданған шешімдердің орындалуына байланысты. Азаматтар өз аумағындағы проблемаларды көтеріп қана қоймай, оларды шешуге бағытталған бастамаларға да қатысуы қажет.
Қазақстанның қоғамдық дамуы үшін этносаралық және конфессияаралық татулықтың маңызы зор. Жаңа Конституцияның кіріспесінде бірлік пен ынтымақ, өзара құрмет пен бейбітшілік құндылықтарына басымдық берілген.
Қоғамдық келісім әртүрлі көзқарастар мен мәдени ерекшеліктерді құрметтеуден басталады. Азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігі, заң алдындағы жауапкершілігі және ортақ мемлекеттік мүддеге құрметпен қарауы ел ішіндегі тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен бірге тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау қағидаттарының бекітілуі ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған. Бұл өткеннің құндылықтарын сақтай отырып, заманауи қоғамның дамуына жол ашу қажеттігін көрсетеді.
Ата Заңның тағы бір маңызды ерекшелігі – оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін құқықтық тетіктердің болуы. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі жаңа құжаттың 92-бабында белгіленген.
Оған сәйкес, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі. Референдум өткізу туралы шешім Президенттің өз бастамасы бойынша немесе Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасы бойынша қабылдануы мүмкін.
Бұл тетік Конституцияның негізгі ережелерін өзгерту мәселесінде жалпыхалықтық қатысудың маңызын көрсетеді. Сонымен қатар Ата Заңның жекелеген негізгі қағидаттарына қатысты шектеулер де белгіленген. Атап айтқанда, мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.
Осы нормалар мемлекеттің құқықтық негіздерінің сабақтастығын сақтауға бағытталған.
Конституция қоғамға құқықтар мен мүмкіндіктер берумен қатар, әр азаматтың жауапкершілігін де айқындайды. Заңды сақтау, өзгенің құқығын құрметтеу, қоғамдық тәртіпті қорғау және ортақ мүддеге бейжай қарамау – құқықтық мәдениеттің негізгі белгілері.
Бүгінде азаматтық белсенділік тек қоғамдық жиындарға қатысумен шектелмейді. Ол еріктілік қызметтен, қайырымдылық бастамалардан, экологиялық акциялардан, жергілікті мәселелерді шешуге атсалысудан және қоғамдық бақылаудан да көрінеді.
Жаңа Конституцияда еріктілік пен жауапты отаншылдық құндылықтарының көрініс табуы азаматтық қоғамның дамуына қатысты маңызды бағдарларды айқындайды.
Қорытындылай айтқанда, Конституцияның қоғамдық маңызы мемлекеттік институттардың құрылымын белгілеумен ғана өлшенбейді. Оның басты міндеттерінің бірі – азаматтардың құқықтары қорғалатын, қоғамдық пікір ескерілетін және әр адам ортақ дамуға үлес қоса алатын құқықтық орта қалыптастыру. Ал мұндай ортаның орнығуы мемлекет пен қоғамның бірлескен әрі жүйелі жұмысына байланысты.